meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Жанған от — тәнді жылытады.
Жақсы сөз — жанды жылытады.
Жоқ болсаң — жасыма,
Тоқ болсаң — тасыма.
Ақымақтан арқан бойы алыс жүр,
Тұрлаусыздан тұсау бойы алыс жүр.
Ақпейілдің аты арып, тоны тозбас.
Жеңіл желек
Жел шақырып тұрады.
Биік ағаш бұрын құлайды.
Сұраған алады,
Іздеген табады.
Көшуден бұрын,
Керуен басыңды сайла.
Қарыз алудан бұрын,
Береріңді ойла.
Сағырдың ақысын жеме.
Бақ келерінде,
Ер ентелей басып асығады.
Бақ қайтарында,
Ер маң-маң басып мағысады.
Кішіпейіл болғанмен,
Кішірейіп кетпейсің.
Өр көкірек болғанмен,
Ұлылыққа жетпейсің.
Болатын жігіт епшіл,
Болмайтын жігіт кекшіл.
Тәуекелдің түбі — игі.
Жемісті ағаш жер бауырлап өседі,
Жетелі жігіт ел бауырлап өседі.
Біреудің қолымен от көсеме.
Өнерлі баланың он саусағы тең,
Өнерсіз баланың бір саусағы кем.
Тең құрбыңнан кем болсаң,
Көрінгенге жем боларсың.
Абырой қонар жігітке
Ажалды қоян тап келер.
Қарыстан сүйем жуық.
Жарылғанды жау алады,
Бүлінгенді бөрі жейді.
Кемеңгерден кеңес шығар,
Кер кеткеннен кейіс шығар.
Үміттің оты сөнбейді.
Мың асуға — бір тосу.
Ақыл — ауыздан,
Мерей — көзден.