meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Кең ойлаған,
Кем ойламас.
Көп ойласаң — дана боласың,
Көп ойнасаң — бала боласың.
Ой ойласаң, кең ойла,
Алды, артын тең ойла.
Ақымақ басқа,
Адырайған көз бітер.
Апандай ауызға,
Саудыраған сөз бітер.
Айла алтау,
Ақыл жетеу.
Айла мен ақыл қосылса
Алдырмайтын екеу.
Ашу асып жүрген жерде,
Ақыл қашып жүреді.
Ақыл көпке жеткізер,
Өнер көкке жеткізер.
Тұрмыс түзер ойыңды,
Ойың түзер бойыңды.
Ағайынға менменсу —
Ағат емей немене!?
Ақылдылар айтқан сөз —
Сағат емей немене?!
Алыстағыны — ақыл болжар,
Жақындағыны — пақыр болжар.
Қарғыстың ең ауыры — «Нан ұрсын».
Келін кейін отырар болар,
Көтерілуге бейім отырар болар.
Бал тамған өтіріктен
Қан тамған шындық артық.
Адам болар ұлының
Арқа-басы кең келер.
Ана болар қызыңның
Ақыл-есі тең келер.
Жақсы аға — орман,
Жақсы іні — қорған.
Өсер жастың алдын кеспе,
Өсер ағаштың басын кеспе.
Жас жүрген жер — мереке.
Қарт жүрген жер — береке.
Өзінің шарқын білген,
Өзгенің нарқын біледі.
Игіліктің ерте, кеші жоқ.
Мың мәртебе тыңдап, бір-ақ айт,
Ісің бітсе, үйіңе қайт.
Қызық қой жас шағыңда ойын, күлкі,
Жігіттің қайда қалмас жиған мүлкі.
Топырағын таппаған дән өнбейді.
Соға берсең, еселеп табағыңа,
Уға айналар құдайдың тамағы да.
Ақыл – тозбайтын тон,
Білім – таусылмайтын кен.