meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Ашу түбі — кейіс,
Ақыл түбі — кеніш.
Арттағыны қозғау — ағалық,
Алдағыны болжау — даналық.
Досың аз, дұшпаның көп болса —
Зор боласың.
Ақылың аз, ашуың көп болса —
Қор боласың.
Ас тасыса, қатығы төгілер,
Ашу тасыса, ақылы төгілер.
Ақылды көндім десе,
Ақымақ жеңдім дейді.
Ақылдының сөзі қысқа,
Айта қалса, нұсқа.
Саналымен санаспа,
Санасызбен жанаспа.
Төрде отырған ақыл айтар,
Есікте отырған нақыл айтар.
Босағада отырған басын шайқар,
Ақылды кісі ойлап, байқар.
Ағын су арам болмайды,
Ақылды сараң болмайды.
Көп ақылды жиналса,
Қиын істі бітірер.
Көп ақымақ жиналса,
Оңай істі жітірер.
Ақымақ жылынса, тон киместей,
Тойса, нан жеместей.
Ақымақтың ақылы
Түстен кейін кіреді.
Ақыл тозбайды,
Алтын шірімейді.
Ақымақ ішкен-жегенін айтады,
Ақылды көрген-білгенін айтады.
Ақымаққа айтқан сөз
Далаға атқан оқпен тең.
Су түбіне жетпейсің
Бойлағанмен,
Ой түбіне жетпейсің
Ойлағанмен.
Ақымақпен астаспа
Ақылдымен қастаспа.
Ақыл — алтын сандық,
Адамына қарай ашылар.
Ақымақ тойынса,
Туысын танымайды.
Ақылды тойынса,
Тобасынан жаңылмайды.
Ақылы асқанды аға тұт.
Ақымаққа айла жоқ,
Айтқанменен пайда жоқ.
Тақырға біткен төбе
Таудай көрінеді.
Екі тентек қосылса
Саудай көрінеді.
Бір тентек бір ақылды қосылса,
Жаудай көрінеді.
Естіге ел тоқтайды,
Есерге жын тоқтайды.
Ескерген — ескісін сақтайды,
Ел болған естісін мақтайды.
Ашу — шабыстырады,
Ақыл — табыстырады.