meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Аштың ақылы тамағында,
Жаяудың ақылы табанында.
Алпыс нарың болғанша,
Ақылды жарың болсын.
Әдепті бала өсірсең,
Ауылдың абыройы.
Ақылды жігіт өсірсең,
Атырабыңның абыройы.
Әлсіз адам сүріншек,
Ақылсыз адам еріншек.
Ақылы терең адамның
Аясы кең келеді.
Тамыры терең шынардың
Саясы кең келеді.
Білекті бірді жығады,
Білімді мыңды жығады.
Күш — білімде,
Білім — кітапта.
Көрмегенге көсеу таң.
Адасқанның
Артындағысы біледі.
Жаңылғанның
Жанындағысы біледі.
Үйінде озған — түбінде озар.
Болат біз — қап түбінде жатпас.
Ғалыммен жақын болсаң,
Қолың жетер.
Залыммен жақын болсаң,
Басың кетер.
Ақыл — дария,
Алса да таусылмайды.
Жер — қазына,
Сауса да таусылмайды.
Ақымақтың ақылы білегінде,
Ақылдының ақылы — жүрегінде.
Ашу — пышақ, ақыл — таяқ.
Ақылды айттырмай білер,
Сақы сұратпай берер.
Жүлде алмаған жүйріктен,
Белі жуан бесті артық.
Білгені беку «ғалымнан»
Басалқа айтқан есті артық.
Өз ақылым ақыл-ақ,
Кісі ақылы шоқырақ.
Естінің сөзі —
Ескінің көзі.
Ақыл ағадан,
Ілтипат ініден.
Еңбегі жоқ ғалым —
Ыстығы жоқ жалын.
Ғылым гауһар —
Бағасы жоқ,
Надандық кесел —
Дауасы жоқ.
Ұлы адамның ойында
Ұлы іс жүреді,
Ұлы зергер бойында
Алтын, күміс жүреді.
Көп сөйлеген білімді емес,
Дөп сөйлеген білімді.
Бойдағы білім шын зейнет,
Жұмсағанмен таусылмас.
Жинаған мал құр бейнет,
Біріне бірі қосылмас.