meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Аз қайғыны ас басады,
Көп қайғыны дос босады.
Жылқының етін жесең,
Тісіңе кіреді,
Жемесең түсіңе кіреді.
Үркер туса сорпа да ас.
Сүйген құда,
Сүрінен сақтар.
Асы жоқ алтын аяқтан
Айраны бар, тостақ артық.
Талдырмаш таза айғырдан
Жүк көтергіш қоспақ артық.
Салулы ауыз
Сақтағаныңды жейді.
Қарның ашса, қазан ас,
Ет болмаса, сазан ас,
Сазан тамақ емес пе,
Сазанды жұрт жемес пе!?
Жайын құйрығын жеген — жатпас.
Қарны ашқан
Қараша үйге қабады.
Түскі асқа
Түстік жерден қонақ келеді.
Кешкі асқа
Күндік жерден қонақ келеді.
Бір ауылда бір үй аш болса,
Бар үй аш болады.
Аты бардың тынысы бар.
Асы бардың ырысы бар.
Беретін кісі келгенде,
Бес қайнайды қазаным;
Бермейтін кісі келгенде,
Көп қайнайды қазаным.
Аспаздың қарыны
Асқанына тояды.
Тоқшылықта жеген
Тоқпан жілік,
Ашаршылықта
Көзіңнен бір-бір ұшады.
Жаяудың сыбағасын
Атты жемес.
Ас — аз, ниет — көп
Отын — олжа,
Су — қорлық.
Өзі тоймағанның,
Сарқытын жеме.
Досыңның асын,
Қасыңдай іш.
Өзің жатық болсаң,
Ішкенің қатық болар;
Өзің қиық болсаң,
Ішкенің сұйық болар.
Етке тойсам,
Сорпаға иттігім жоқ.
Бір аштықтың, бір тоқтығы бар.
Жазым болса, быламыңқа тіс сынар.