meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Аш та отыра алмайсың
Ашып та отыра алмайсың.
Өре табылса — шабақ,
Талқан табылса — тамақ.
Аз ғана асым
Даусыз басым.
Бас ұстаған — бармағын жалайды.
Жарты құрсақ пайда,
Бүтін құрсақ қайда?!
Жандыда бәрі мешкей,
Жансызда тері мәшкей.
Өкпе бер, бауыр бер,
Сыбағамды тәуір бер.
Ас иесінің әлі біледі,
Асатушының қолы біледі.
Құлақтай ет жеп,
Қырмандай сорпа іш.
Аш адам тұрып өлмейді,
Жүріп өледі.
Дастарқанында наны жоқтың,
Тамағының сәні жоқ.
Кеспе көже күн батқанша,
Бидай көже ел жатқанша,
Тары көже таң атқанша.
Аштың ақылы — астан әрі аспайды.
Асты шашқанды —
Әбілет басады.
Елде болса, ерінге тиеді.
Татулардың талқаны, таусылмас.
Қымызы бар үйдің қызығы бар.
Жатақты жатақ бозаға шақырады.
Бозасы таусылса, көжеге шақырады.
Сүйекті алып берген
Кісімнен көрейін бе?
Оны мүжи алмаған
Тісімнен көрейін бе?
Көженің көнеуі болса,
Қымыздың қызуы бар.
Тапқаным — тамағыма,
Жұтқаным — жұмырыма.
Қазансыз алтын ошақтан,
Қара су қайнатқан мосым артық.
Қаңыраған алтын ордадан
Қара көжеге тоятын қосым артық.
Қазан сапырғанның да буы бар.
Еңкейген екі асайды,
Еңсесі кеткен бір асайды.