meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Қоныс көркі — там,
Дастарқан көркі — нан.
Ас атасын — нан дейді,
Сөз атасын —«шал» дейді.
Қымызға құныққан қыдырып ішеді.
Қарны ашқанға
Қара нан да май татыр.
Шөлдегенге
Қара су да бал татыр.
Азаншыдан
Қазаншы игі.
Сараңның асы,
Сарқытқа жетпес.
Сараңның тамағына тойғанша,
Сақының қабағына той.
Көженің де кенеуі бар,
Көбіктің де демеуі бар.
Ас жүрген жер — береке,
Жас жүрген жер — мереке.
Қамбасында дәні жоқтың,
Дастарқанында наны жоқ.
Жалғыздығың ас ішкенде білінер,
Жарлылығың ел көшкенде білінер.
Күріш жеген арымас,
Көрмек жеген жарымас.
Өгіз қарын майыңды
Өлгенде бастаймысың?!
Көкек айы туған соң
Итке тастаймысың?
Асықпаған нәрін жейді,
Асыққан зәрін жейді.
Диірмен өзі тас болса да,
Жұртқа жейтін ас болары.
Тістем нанның кәдірін
Тарыққанда білерсің.
Анық достың кәдірін
Зарыққанда білерсің.
Жалғыз биенің қымызы —
Қарындаспен қағыстырар.
Жалғыз түйенің қымыраны —
Туғаныңмен табыстырар.
Ақ бидайдың кәдірін
Ашыққанда білерсің.
Ағарғанның кәдірін
Қыс шыққанда білерсің.
Сары қауынның қағын жеп,
Сақылар отыр тоқпыз деп.
Етпен қарын тоқ,
Ниетпен жаның тоқ.
Қас сараң өз тамағын
Өзінен қызғанады.
Кенеуі кеткен қомағай келеді,
Тамақ десе домалай береді.
Ас ішерде керек,
Көлік көшерде керек.
Ішілмеген ас умен тең,
Кісі кірмеген үй — көрмен тең.
Қарны ашқанға
Қара талқан майдай көрінеді.
Қатын зары өткенге
Қара қатын айдай көрінеді.