meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Алыстан ердің дәрібі бар,
Қасына келсең, баладай.
Алыстан таудың дәрібі бар,
Қасына келсең, обадай.
Тәуекелдің кемесі
Суға салса, батпайды.
Батыр ортақ
Бақ жалқы.
Ер арыса — аруақ,
Ат арыса — тулақ.
Жалаң аттың жалымен,
Жалаң қылыш жүзімен.
Баланың сегізінде тісі түседі,
Сексенінде ердің ерге ісі түседі.
«Ырит шу» деген атанға демеу,
«Әуп» деген ерге демеу.
Жауға жаның берсең де
Сырыңды берме.
Өзі істеген өкінбес,
Жаудан қорқып бекінбес.
Ел даусыз болмайды,
Ер жаусыз болмайды.
Батыр — елдің сәулеті,
Бал құрақ — көлдің сәулеті.
Ат ерінді келер,
Ер мұрынды келер.
Ел шарасыз болмас,
Ер жарасыз болмас.
Болат бүгілмес, шорт сынар.
Ерді кебенек ішінде таны.
Ердің асылы
Күшінен білінеді.
Қатынның асылы
Ісінен білінеді.
Әл керек, айбар керек
Әлсіз айбар не керек.
Ерді қорласаң, састырар,
Асты қорласаң, құстырар.
Жігіт жолдасынан белгілі,
Сарбаз қол басында белгілі.
Ер жігіт — бір күнде бір кісілік,
Бір күнде мың кісілік.
Талапты ерге нұр жауар.
Шешінген судан тайынбас.
Түпкі айылдың батқанын
Иесі білмес, ат білер.
Ер жігіттің кәдірін
Ағайын білмес, жат білер.
Пышақ болмас жетесіз,
Ешкі болмас текесіз.
Өзі болған жігіттің
Тегін сұрап не етесіз?!
Ердің атын не аты шығарар,
Не қатыны шығарар.