meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Борышын жасырған байымас.
Бай бастас,
Бақыр мұңдас.
Байдан пайда артылмас,
Қудан айла артылмас.
Бай болып көргеніміз жоқ,
Кедей болып өлгеніміз жоқ.
Бейнет көрмей,
Дәулет жоқ.
Жарлылық, сені қайтейін,
Жандай досты жат еттің.
Кәрілік, сені қайтейін,
Сөйлер сөзге мерт еттің.
Жарлы болсаң
Арлы болма,
Қарап жүріп
Сорлы болма!
Көптен дәметкен,
Аздан құр қалады.
Жарлылық деген жақсы екен,
Жатып ішер ас болса.
Базары жақын —
Байымас.
Тіленшіге жел қарсы.
Базар – бай, алушы – кедей.
Жоққа жүйрік жетпейді.
Жіп жіңішке жерінен үзіледі.
Байлық — мұрат емес,
Кедейлік — ұят емес.
Ашаршылықта
Ашқарақ алдымен өледі.
Сараң бай союға қозы таппай
Жарлының жалғыз тоқтысын сұрайды.
Бар мақтанса, табылар,
Жарлы мақтанса, шабылар.
Көз бір уыс топыраққа тояды.
Ақыл байлық — аз байлық,
Темір байлық — тозбас байлық,
Кен байлық — кең байлық.
Малға жарлылық — жарлылық
Ақылға жарлылық — сорлылық.
Он екі мүшең сау болса
Сәулет емей немене?!
Он саусағың сау болса
Дәулет емей немене?!
Шапқанда байдың ұлы,
Тоқтағанда есіңе түсер.
Барымтаны бай алады,
Бәлесі кедейге қалады.
Бай баласы балпаң,
Жарлы баласы — жалтаң.