meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Екі қылыш бір қынапқа сыймайды.
Батыр болсаң — жауды қайтар,
Шаруа болсаң — малды қайтар.
Шешен болсаң — дауды қайтар.
Батыр елінде,
Балық көлінде.
Етектен кесіп жең болмас,
Ежелгі дұшпан ел болмас.
Ер намысқа шабады,
Намысқа шапса,
Алысқа шабады.
Аңсыздық — қамсыздық.
Қас боп жүріп,
Дос болғанға мақтан.
Дос боп жүріп,
Қас болғаннан сақтан.
Қамысты бос ұстасаң,
Қолыңды кеседі.
Қасыңды бос ұстасаң,
Төбеңді теседі.
Намысы бар жігіттің
Нар күшіндей күші бар.
Намысы жоқ жігіттің
Намыспенен несі бар?
Батыр — елдің ажары,
Бал құрақ — көлдің ажары.
Орақшы орақ таңдамайды,
Батыр жарақ таңдамайды.
Қорқып, бұғып өлгенше
Тайсалмай, тауға шығып өл.
Қылышынан қан тамған батырды,
Тілінен бал тамған ақын алады.
Батыл, батылдың ісі — мақұл.
Батыл болмай батыр болмас.
Батырға да жан керек,
Пақырға да жан керек.
Елдік түбі — бірлік.
Бар болсаң бергеніңді айтпа,
Ер болсаң, жеңгеніңді айтпа.
Пенде көресісін көрмей,
Көрге кірмейді.
Ерді талап ұшырар,
Құсты қанат ұшырар.
Ердің ісі — келіс.
Ездің ісі — керіс.
Қалың кілем төрге керек,
Қызғалдақ гүл жерге керек,
Алмас қылыш ерге керек.
Ел қонысынан айрылса,
Ер ырысынан айрылады.
Ердің жақсысы
Елімен ойласады.