meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Үйдің басын қатын қосар,
Елдің басын батыр қосар.
Батыр ортақ, бала ортақ,
Бодаудан қайтқан мал ортақ.
Керуен көркі — нарымен,
Батыр көркі — арымен.
Ат баспаймын деген жерін, үш басар,
Ер татпаймын деген тұзын үш татар.
Батыр болатын бала ерге үйір,
Қызтеке бала зерге үйір.
Орындалмаған аманат —
Ерге тағылған жаман ат.
Туы бірдің — түбі бір,
Жолы бірдің — жүгі бір.
Елінің даңқын батыры шығарар,
Батыры шығармаса, ақыны шығарар.
Ер шеруде ерінуді білмейді,
Шепте шегінуді білмейді.
Шын сақыға жолықсаң,
Су орнына бал берер.
Шын батырға жолықсаң,
Шындық үшін жан берер.
Ердің көңілі жібектей
Бір түйілсе, шешілмес.
Ер қонысы түбектей
Жау еркіндеп көсілмес.
Ат өнері білінбес,
Бәйгеге түсіп жарыспай.
Ер өнері білінбес,
Қоянқолтық алыспай.
Елі еріксіз болса,
Ері көріксіз болар.
Желмен жарыспа,
Ноймен алыспа.
Қорқақ ер болмайды,
Қола — зер болмайды.
Хас сұлуды қаралысында сынама,
Хас батырды жаралысында сынама.
Жігітті, бірде, майданда сына,
Бірде, бейғамда сына.
Оқ қадалса денеңнен суырарсың,
Кек қадалса жүрекке не қыларсың?!
Босаң жүрген жігітті
Бел үстінде бөрі алар.
Еркінсіген көкжалды
Ебін тапқан ер алар.
Қынапсыз қылыштан шошын,
Күтпеген ұрыстан шошын.
Байыпсыз батыр тез өлер.
Жау шақырып, аттан салма!
Дау шақырып, барымта алма!
Бала болғанын білмес,
Батыр толғанын білмес.
Қияң — құстың қанаты
Қиял — ердің қанаты.