meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Қаңтар қақпанды сүйер,
Сонаршы ақпанды сүйер.
Әр таудың түлкісін, әдісін білген тазы алады.
Ай жарықта қоян арық.
Тағыны жеткен алады.
Қаз орғанына семіреді.
Қасқырдың өзі қатты, жолы жұмсақ,
Қоянның жолы қатты, өзі жұмсақ.
Көргенді көнеден сұра,
Көне білмесе, көп жүргеннен сұра.
Жақсы лебіз, жарым ырыс.
Бірінші байлық — денсаулық,
Екінші байлық — ақ жаулық,
Үшінші байлық — он саулық.
Жаман ауруға жақсы ас.
Көкірек ауру күле кетер.
Ауру аздырады,
Суық тондырады.
Ауру батпандап кіріп,
Мысқалдап шығады.
Ауру астан,
Дау қарындастан.
Дауды елемеген төлейді,
Ауруды елемеген өледі.
Іздеп алған аурудың емі табылмас.
Айналдырған ауру алмай қоймас,
Бұлттанған күн жаумай қоймас.
Жанымды алмаған ауру,
Жанымның садағасы.
Шірік шірітеді,
Бұзық бүлдіреді.
Шірікке шыбын айналар.
Жасыңда салақ болсаң,
Бара-бара былық боларсың.
Көже деген тоқ ас,
Тұра келсең жоқ ас.
Атасын сыйлаған абыройға бөленер.
Алдыңғы арба қайдан жүрсе,
Соңғы арба содан жүрер.