meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
А, Құдайым бала бер,
Бала берсең, сана бер.
Санасыз бала бергенше,
Артынан бәрін-бәрін ала бер.
Ата тілін алмаған, аман болып көп жүрмес.
Жақсы бала әкесінің басын төрге сүйрейді,
Жаман бала әкесінің төрдегі басын есікке сүйрейді.
Ата-анаңды сыйласаң көп жасарсың,
Сыйламасаң жан қинарсың.
Өз ағасын ағаламаған, кісі ағасын жағаламайды.
Құл жиылып бас болмас,
Құм жиылып тас болмас.
Әдепсіз үйге кірме, әкімсіз елде тұрма.
Ай мен күн әлемге бірдей.
Дауды шешен бітірмейді, би бітіреді.
Өсекке кірмесе, есепке кірмес.
Асыққанның ісі шала.
Айтылғанның айыбы жоқ.
Өзім тойсам да көзім тоймайды.
Айхай көкірек, не демейді сұм жүрек.
Басқа келген бәледен бастан құлақ садақа.
Тамақ тоқ,
Көйлек көк,
Уайым жоқ.
Біреуді қор тұтсаң қор боларсың,
Біреуді зор тұтсаң зор боларсың.
Адам бір сөйлескенде жылан,
Екінші сөйлескенде құлан,
Үшінші сөйлескенде адам.
Екі тау қосылды десе - нан,
Екі бұзық түзелді десе - нанба.
Екеуі кеп сөйлессе, біреуін де есітпессің.
Сасқанда сақалыңды таба алмассың.
Өзің жығылсаң өкінбе.
Өзің не істесең, алдыңа сол келер.
Өзінің кетпендей мінін көрмей,
Біреудің инедей мінін көреді.