meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Бабы келіскен істің бағы жанады.
Тәліміне қарай кәрілігі.
Ұсталмаған ұрыға үкім жүрмейді.
Терең ой биікті көргіш.
Шарап ішкен сапырып сөйлейді.
Үйректің балапанын жүзуге үйретпе.
Жылан иерлеңдесе де ініне тура кірер.
Бай мақтанса - табылар,
Кедей мақтанса - шабылар.
Берсең - аларсың, ексең - орарсың.
Ақ айланар, қара байланар.
Жалғыздың жары - құдай.
Аталы баланың аузы ойнайды,
Атасыз баланың көзі ойнайды.
Астыңдағы атыңа сенбе,
Қойныңдағы қатыныңа сенбе.
Берейін деген құлына аннан-мұннан құралар,
Бермейін деген құлының жалғыз атын ұры алар.
Жақсы - текшіл,
Жаман - кекшіл.
Жаман адамды жасауыл қойсаң, үстіңе жау келтірер.
Растық (шындық) жауған қардай, сүттен ақ, судан таза.
Байдың мал азығы,
Бала атаның қазығы.
Тастаған шоқпар сорлының басына тиер.
Дос - егіз, дұшпан - сегіз.
Жақсы да жаттық жоқ,
Жаман да жақындық жоқ.
Аңдысқан ауыл болмас.
Жаңадан дос тапсаң да, ескі досыңды ұмытпа.
Қылыш жарасы бітер,
Тіл жарасы бітпес.
Сақтанған саламатқа жеткен.