meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Мал жинасаң қонысын тап.
Хан - қарақшы,
Халық - орақшы.
Түйе мінген адам үш бүктеле алмайды.
Тоқтың жоқпен ісі жоқ.
Жабық есік жолбарысты да жолатпайды.
Жақсыда қате жоқ.
Жаманда опа жоқ.
Сорлы қатын алса таң қысқарады.
Жемесе де май жақсы,
Бермесе де бай жақсы.
Байдың малы қадірлі,
Жарлының жаны қадірлі.
Жаман тонның биті ащы,
Жаман кісінің тілі ащы.
Көңіл бір атым насыбайдан қалады.
Ойнақтаған бала от басар.
Жақсының алтын басы еңкейсе,
Білімсіздің басы шалқаяды.
Дүмше молда - ел бұзар.
Ағайын - ащы,
Мал -тұщы.
Артқы айылдың басқанын иесі білмес, ат білер,
Ағайынның азғанын жақын білмес, жат білер.
Бар болсаң ағайының көре алмайды,
Жоқ болсаң "мә, саған" деп бере алмайды.
Хан - қазық,
Би - тоқпақ.
Білсе - барымта,
Білмесе - сырымта.
Кісінеген айғырдың үйірін көр,
Шіренген жігіттің үйін көр.
Аттыға ерем деп, жаяудың таңы айырылады.
Айшық мүйіз ақ серке қойды бастар,
Қыпша белді жігіттер топты бастар.
Жаманнан би қойма - кесім салады,
Залымнан қарыз алма - өсім салады.
Қарамықтың дәні болғанша, бидайдың сабаны бол,
Жаман елдің жақсысы болғанша, жақсы елдің жаманы бол.
Қатынға тисең қарасы жұғады,
Балаға тисең бәлесі жұғады.