meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Ұнын да еледі,
Елегін де еледі.
Легенін жоғалтты —
Інгенін жоқтады.
Ер көретінін көрмей
Көрге кірмейді.
Ер жігітке өлім бар да, қорлық жоқ.
Қалы кілем түрге керек,
Алмас қылыш ерге керек.
Ақыңды ер жемейді,
Екінші - жер жемейді.
Ердің жақсысы
Елімен ойласады,
Әйелдің жақсысы
Ерімен ойласады.
Ең болмаса,
Жаулығымен, жеңімен ойласады.
Қабырғада ін бар —
Не құлақ, не тіл бар.
Жас жардың тозағынан да,
Аш қарын азабы жаман.
Қара қазан қазанға:
“Ойпырмай, бетіңді тазала!”
Жүрек қалаған жер — пейішің.
Қажы өлсе, түйеден жүк кемиді.
Әділдік пен ізгілік,
Қарсы алады жүз күліп.
Алдымен — мен,
Менен кейін — сен.
Ұйықтаған адам ұйқыдағы жанды оята алмайды.
Ұйқы — ажал ағайыны.
Суға да, буға да
Жібімейтін жебір.
Ол желді жүгендеп,
Жауынды жетектеген адам.
Қайраны жоқ көлден без,
Қайырымы жоқ ерден без.
Қорықсаң құның болмайды,
Жауды жеңбей тыным болмайды.
Тауға сүйенген ер
Таудай жауды жығады.
Табанды тауды жығады,
Тайсалмаған жауды жығады.
Өлсем мейлі көріне,
Бір шығайын төріне.
Жерден жердің несі кем? -
Егін шықса, гүл өссе.
Ерден ердің несі кем
Уәдесін үде етсе.
Жасты жасақта көр,
Құнан қойды қосақта көр.