meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Тасты тасқа байламас.
Біреудің күйшілігіне қызықпай,
Өзіңнің үйшілігіңмен айналыс.
Екі қарбызды
Жалғыз қолмен көтере алмассың.
Ел алғысын алсаң,
Елеулісі боларсың.
Тең теңімен, тезек қабымен.
Залымға залымның да әлі келмейді.
Ұғындыру – Сізден,
Жүнін жұлу – бізден.
Таза алтын топырақсыз да тазарады.
Тарының әр дәнін таразымен өлшейді.
Адал дос тарыққанда жебейді,
Қысылғанда демейді.
Тату болсаң досыңмен,
Берерсің төтеп дұшпанға.
Кең дүние кереметсіз емес.
Аударып тұрмаса кәуап та піспейді.
Кісі пейілді болам десең,
Кішіпейіл бол.
Бір басыңда мың уайым.
Отыз күн оразаның бір айты бар, әр қылған жақсылықтың бір қайтары бар.
Жарлы деп сөкпе,
Пайғамбарға тілің тиеді.
Жалғыз деп сөкпе,
Құдайға тілің тиеді.
Алла деп бастаған іс алдымен бітеді.
Кешірім жасау – кеңдік, кешіре алмау – кемдік.
Миға ерген дене азбайды,
Милыға ерген ел азбайды.
Кісі ақылын таңдап ал,
Таңдап-талғап, талдап ал.
Ақылдыдан шыққан сөз,
Аңсағанға болсын кез.
Ойдың түбі - терең,
Ақылдың түбі - берен.
Жүректен шықпай,
Жүрекке кірмейді.