meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Алтын басты әйелден,
Бақыр басты еркек артық.
Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа.
Әйелдің күші жоқ, айласы көп.
Екі әйел басы қосылса,
Үшінші әйелдің соры.
Әйел ашуланса, екі көзіне әлі келеді.
Заман бұзыларда әуелі әйел бұзылады.
Әйелі азған елдің ертеңі жоқ.
Бірінші әйел – шекер,
Екінші әйел – бекер.
Ері өліп ерге тисе – елдің жорасы,
Ері тұрып ерге тисе – беттің қарасы.
Әйелдің абыройы – дақ түспеген ары.
Ұятсыз әйел тұзсыз ас секілді.
Ерін баққан әйел елін де бағады.
Жақсы әйел – жарты иманың.
Жаман әйел төсегінен белгілі,
Жаман жігіт есебінен белгілі.
Ертең пісер жемістен
Бүгінгі шикі жидек артық.
Шырақ жақсаң-ақ,
Шаян шыға келеді.
Инабатты болса әйел,
Өнегелі болса бала көрікті.
Әйелді бастан, баланы жастан.
Ақылды әйел күйеуінің ойнап айтқанын,
Ойлап талдайды.
Ерге жаққан қатын елге де жағады.
Жақсы әйел жарының жақсылығын асырар,
Жамандағын жасырар.
Әйелдің ақылын жесірінде байқа,
Баланың ақылын жетімінде байқа.
Әкесінің ақшасына үйленген,
Әйелінің қадірін білмейді.
Атың жаман болса, сатып құтыларсың,
Әйелің жаман болса, қайтып құтыларсың.
Сұлу әйелдің күйеуі қарауыл.