meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Патай жесең, бұлақтың басына барып отыр.

(Патай — бұрыш қосқан тағам)
Сұлу туыстың да сұмпайы аяғы бар.
Арқасы аспанға тисе де,
Ақылы аяғының астында жатыр.
Түйеге «Ойна!» десең,
Дүниенің ойранын шығарады.
Ініне кіре алмай жүріп, тышқан құйрығына сыпырғыш байлап алыпты.
Тірі піл жүз мың тұрады,
Өлгеннен соң – екі есе.
Үндемей қапқан – ит емес.
Жамаулы киім де жаңбырға жарайды.
Көп сөзді ұғынып болмайды,
Қатты тасты үгітіп болмайды.
Іңген ыңыранса,
Бура боздайды.
Елшіге өлім жоқ,
Күлде көмір жоқ.
Куәнің сөзі куәлік бергенде білінеді.
Қолда өскен бұзау өгіз болмас.
Көзден алыстаған,
Көңілден де алыстайды.
Ханның ісі басталса,
Қатынның ісі тоқтай тұрар.
Шағыр көзді ит атқа теңесе алар,
Бірақ шағыр көзді ит итпен теңесе алмайды.
Шоқай кисе, аяқ ауырмайды.
Тоқым жапса, ат жауыр болмайды.
Бос құмыраның жаңғырығы әуезді.
Еңбексіз береке жоқ,
Еңбекте мереке көп.
Жақсы еттің сорпасы да майлы.
Құмырсқа қаза табарда,
Қанат тағады.
Өтірікпен өткелден өте алмайсың.
Шын ұнатсаң,
Басқасын қаламассың.
Шын ұйықтасаң,
Тасқа да қарамассың.
Пияз да болса, назы болсын.
Думанның болатыны болжам емес.