meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Белгі болса, адам жолдан адаспайды,
Білігі болса, кісі сөзден шатаспайды.
Ескі көр тірілерге үй болмайды,
Тақыр жерде аңшыда күй болмайды.
Қос қылыш бір қынапқа сыймайды.
Бара-бара мың болар,
Тама-тама көл болар.
Арыстан қартайса, тышқан інін аңдиды.
Қонағын барымен сыйласа,
Жанымен ырза болар.
Көрпесіне қарай көсілмегеннің бақайы үсір.
Егін салғанда келісім болса,
Қырман басында керісу болмайды.
Сыналмаса – алданар,
Сақтанбаса – сандалар.
Есек айтады:
Тірі болсам, теңізден де су ішермін.
Жақсының сүйегі жерде қалғанымен,
Аты мәңгі елде қалады.
Жалқауға табалдырық та таудай көрінер.
Жаңылмайтын мерген – жаңбыр.
Адам мәңгі сүрмейді,
Көрден қайтып келмейді.
Құлақ естісе – көңіл біледі,
Көз көрсе – құмарлық келеді.
Жер тауымен салмақты,
Ел қауымымен салмақты.
Қырық жылда бай мен кедей теңелер.
Қыстың көркі – алау.
Дүзде бөрі ұлыса,
Үйде ит қыңсылар.
Қытай ханының жібек кемзалы көп,
Бірақ олар да өлшеніп пішіледі.
Бұтағы көп ағашқа құс қонады,
Жақсы адамның көңілі хош болады.
Асыққан шыбын сүтке түсер.
Атының жауыры бауырына мирас.
Тай өссе, ат тынығады,
Бала өссе, ата тынығады.
Ауыз жесе көзі ұялады.