meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Таз тақиясымен таласар.
Түшкірген қыз түксиген қыздың бетін тырнапты.
Жылау мен күлу – төркіндес.
Айығар аурудың тәуібі өзі келеді.
Арыстан алғанына қуанбайды,
Шалғанына қуанады.
Шапанды жағасынан киеді.
Қайғы жоқта қайғыру –
Өгей енеден айрылу.
Сұрағанға текке бер,
Сусағанға жекке бер.
Көп басқан аяқ шоқ басады.
Сабырлы болсаң – озарсың,
Сабырсыз болсаң – тозарсың.
Өтірікті шындай айтса,
Шындық шырқырап шығады.
Өрісі малды –
Дастарқаны майлы.
Сіздікіне барғанда,
Қымыз ішсін, ми жесін:
Біздікіне келгенде –
Әндетсін де билесін.
Табаның тайғақ болса,
Тағаңды мықтап қақ.
Шымшық епті болса да,
Шағалаға жоламайды.
Суалған көлге бақа – айғыр.
Ойыннан да омыртқа сынады.
Кешегі түлкі – бүгінгі күлкі.
Кемсіте көрме көмірді,
Көмір ерітер темірді.
Байы мешкей болса, үйге тартады,
Әйелі мешкей болса, үйді құртады.
Қызды үй қылықты үй.
Жас кезіңде тандыр нан да тәтті.
Қартайғанда құймақ та қатты.
Ат міндім деп желікпе,
Желге мініп, желіп көр.
Тірлікте түрлі іс кездесер,
Тірлік боп бәрі тез көшер.
Адам да бір жыл құсы,
Ұстатпайды күлкісі.