meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Өтірікті де ебін тапқан айтады.
Батырсынған жігітті жау келгенде көрерміз.
Қымызды кім ішейін демесін,
Қызды кім құшайын демесін!
Жаңбырмен жер көгерер,
Батамен ел көгерер.
Айт болар, айттың да арты болар.
Жетеудің бірі – Қыдыр.
Амалын тапқан ажалдан құтылады.
Өсер өзін сыйлайды,
Өспес өзгені сыйлайды.
Боларыңда болар өт,
Боз жорғадай желіп өт.
Биің алаң болса,
Жұртың ылаң болар.
Қасап та өзі,
Пышақ та өзі.
Бақылдаған текені су көшкенде көрермін.
Астық көп болғанмен, оны екі жыл жемейді.
Елін сағынбайтын ер болмайды,
Үйірін сағынбайтын ат болмайды.
Жалғыз өгіз қос болмайды.
Баланың жылағаны –
Емшек сұрағаны.
Есебін ептеп білеміз,
Есегін қайтіп мінеміз.
Күлкісін іріккен жаннан түңіл,
Шала бүріккен жауыннан түңіл.
Базар барға – балдай,
Жоққа – зәрдей.
Қауыншыға қабық қымбат болмайды.
Бұзау мұз жалайды,
Торпақ тұз жалайды.
Бұрын барған қоныс алады,
Кейін келген сөгіс алады.
Бергенін алған –
Наданның ісі.
Ішкенін құсқан –
Жаманның ісі.
Жаманнан сөз естігенше,
Жақсыдан таяқ же.
Жыл ұлық емес,
Ажал – ұлық.