САРЫ АТАН
I
Жайылар емін-еркін өлкесі жоқ,
Боздаған енесінің еркесі боп,
Бұлдырап бота кезің қалған алыс,
Сенерің – табаның мен өркешің боп.
Қай жаққа сапар шектің, ойсыл қарам,
Дедің бе: мені көріп қойсын далам?
Тұспалдап күн батысты тепеңдейсің,
Көзіңде мұңың бардай бой сыздаған.
«Атанған ер қанаты о басынан –
Ат біткен айрылған жоқ доғасынан,
Мен-дағы төрт түліктің бірі емес пе ем,
Арт жүкті, ал жаулардың жағасынан!» –
Аяулы қарайсың сыр ақтарғандай,
Аңызды бұл жүрісте астар бардай,
Тәкаппар тікірейген өркештерің
Арам жау аса алмайтын шатқалдардай.
...Заулайды Мәскеу поезы,
Ағындап әсем вагондар.
Жолаушылардың ой ізін
Қағып ап қалып бағандар.
...Купеде екі егде жан,
Біреуі ақ шаш генерал.
Біріне-бірі бөгде жан,
Бейне бір жұмбақ жорамал.
Ақ қырау шалған самайды,
Маңдайдан әжім жарысып,
Әйнектен жаймен карайды,
Кей сәтте ұрттап шай ішіп.
Суырып кейде сигарын
Тартады ойлы генерал.
Танысам деген ұйғарым
Түйгендей Сәрсен ақсақал.
Қысқартар, ұзақ жолды да,
Әңгіме ғой тек мұндайда.
Сәрсен қарт қарап қойды да,
Сыр тартар көшті ыңғайға.
– Оң сапар құрдас, – деп қойды, –
Соғысқа мен де қатысқам.
Кеудемде ашу, кек, қайғы
Қасақы жаумен атысқам.
Қазірде жасым сексенде
Шақырған еді шөберем.
Ертеңдер онда жетсем мен,
Бір-екі апта бөгелем.
Ал Сіз ше?
– Мен де немере
Тойына келем асығып.
Көргенге қызық немене
Жетсін-ай!
көңіл ашылып...
Отставкада болсам да
Түспейді үстен мундирім.
Жауынға, мейлі, салсаң да,
Берік-ау, берік бұл киім.
Әңгіме-дүкен қыздырып,
Елестеп өткен кездері,
Жастыққа қиял жүздіріп
Жарасты достар сөздері.
...Бір кезде көзге шалынды
Жайылып жүрген түйелер.
– Білмеймін өзге малыңды,
Түйені қазақ кие дер!
Сәрсекең деуі сол екен,
Жалғады сөзді генерал:
– Түйелер мұнда мол екен,
Ерекше бұл бір жануар.
Есімде... соғыс кезінде
Тап болды бізге сары атан.
Ғажап мал шөлге, төзімге,
Қолғабыс еткен сол атан!
Сары атан? – Аң-таң Сәрсекең.
Таңбасы бар ма оң жамбаста?
Мынау бір қызық нәрсе екен,
Иә, бар... қалай нанбасқа!
Елінен ертіп қасына
Әкелген Әрсен Сәрсеніч!
Сол атан қару тасыған
Болатын ғажап, білсеңіз!..
Балтықта шығар, генерал? –
Жас алды көзге Сәрсекең.
– Балтықта!.. Жер көп аралар,
Зиратын, барсаң, көрсетем!
– Ендеше, құрдас, сол Әрсен
Еді ғой менің арысым!
Әкесі болам – мен Сәрсен –
Қас жауға айтқан қарғысын!
Жаралы болып қайтқанда
Оқығам қара қағазын.
Сары атан жайын айтқанда
Толқытты-ау, кенжем – сабазым!
Беріш боп қалған азаның
Кеткендей сеңі қозғалып,
Қайнатып сезім қазанын,
Сәрсекең отыр сазарып.
Генерал ауыр күрсініп
Әрсенді ойға алғаны...
Қайғысын қарттың түсініп,
Өз сөзін әрі жалғады.
Әрсенді жерлер кезінде
Түйесі аза тұтқандай,
Бақырды жас ап көзіне,
Қазаны ауыр ұққандай.
Өртегендей бір өзегін
Әрсеннің аза күйігі,
Ажалдың енді кезегі
Атанға сол бір «бұйырды».
– Танысайық, мен Василий!..
Командир Вася Богданов?
Суреттерің бар, асылым,
Мен бейбақ білсем сандалып.
Қайтарда біздің ауылға
Соғарсың! Дәм тат колымнан!
– Болатын балаң бауырмал,
Көрерміз сапар соңынан...
Тірілген сынды ұлы мен
Сағынған сары атаны,
Көз ілген жоқ-ау түнімен,
Сәрсекең қызық сапары...
II
Белорус жері. Күз айы.
Торлаған түнек тұманның
Басылмай сызды ызғары
Тебеден басып тұрған күн.
Жаулардың бұзып қоршауын
Шығуды ойлап қалайда,
Малтыққан ерлер қанша күн
Жасырын жатқан тоғайда.
Төңірек түгел ми-батпақ,
Күш-көлік оққа ұшқалы,
Саз кешіп белден қиын аттап,
Жылжыту қиын пушканы.
Болмайды қару дегенді
Кетуге жауға қалдырып.
Өтесің небір бөгеуді,
Сүйрейсің өзек талдырып.
Шіркін-ай, бізге бұйырса
Жалғыз ат кенет ғайыптан.
– Десеңші өгіз тым құрса...
– Буыршын келсе Жайықтан!
Жауынгерлердің ойынан
Күш көлік бір де кетпейді.
Ми-батпақ, орман бойынан,
Онысыз мүлде өтпейді.
– «Бұл маңда көлік ұшпайды!» –
Барлаушы қайтқан томсарып.
Жылкының жоғы – іш қайғы,
Сүйрерміз қолмен жан салып.
Жұлдыз жоқ, Ай жоқ, тұманды
Түнің де тастай қараңғы.
Жан бар деп, сірә, бұл маңда,
Ойламас жау да амалды.
Ақ саумал таңның алдында,
Сыбдырлай қалды жапырақ.
Тіміскіп жүрген малғұн ба,
Тымықта желсіз апыр-ау?
– Тоқта! Кім? Көтер қолыңды!
Қаруды таста, шық бері! –
– Күзетші деп тұр долы үнді,
Маңдайдан шығып шып тері.
Сол жұмсақ сыбдыр молайып,
Ілгері жылжып келеді!
– Танк қой мынау, халайық! –
Күзетші кейін жөнелді.
– Дыбыссыз, үнсіз, су кешіп
Жүретін қандай ол танк?
Көз жазып қалма! Қу! – десіп,
Солдаттар тұрды көз салып.
– Саныраумысың, ей найсап
Бері шық, жаның барында? –
Василий тұрды айғай сап,
Кезекті беріп қаруға.
– Атпа! – деп дауыс саңқ етті!
– Ойбай-ау, мынау Әрсен ғой,
Сары атан сол сәт бақ етті!
– Көлікті күшті көрсең ғой! –
Деді де Әрсен шөгерді, –
– Артыңдар кару біткенді.
Күлкіге көміп көп ерді,
Түскендей көктен күткені.
– Солдат деп батыр, белсенді,
Командир елге жіберген...
Көріп тұр енді Әрсенді
Түйе де әкеп үлгерген!..
– Здравствуй, дружок! –
Деп қойды Вася түйеге.
Ілтипатының міні жоқ,
Бірақ та түйе біле ме?
– Кел, бізбен бірге отыр, – дер,
Шалғайдан келсең жайылып.
«Түсінбей тұрмын батыр», – дер.
Сары атан күйіс қайырып.
Пендеңмен ешбір ісі жоқ,
Таясақ болды бақырар.
Васяның ешбір күші жоқ,
Тіл тауып оны шақырар.
Кім білсін бота кезінен
Құлағы көнбіс сөз барын!
Қарайды мұңды көзімен
Жоғалтқан жандай боздағын.
Өрістен қалған адасып,
Жоқтай ма әлде иесін?!..
Әйтеуір, қайран қаласың,
Соғысқа келді түйе шын!
Василий келді қасына,
Білмеді ол бірақ «шөк» деуді.
– Кел түйе! – дейді, – жасыма,
Достарың мұнда көп дейді.
– Василий, оған: «Шөк-шөк!» де –
Әрсен де күліп қояды.
«Шөк-шөк»-ті Вася «кок-соп» деп,
Түйеге тағы таяды.
Ізеттен малға хабарсыз
Екенін біліп Васяның,
«Сыйлыққа менен аласыз!» –
Деп түйе жынқұс шашады.
– Ба-а-ах!–дегенде, Васямыз
Балдырға сүңгіп шыққандай.
Алғанбыз күліп басқамыз,
Мұндайға күлмес жұрт қандай!
«Әйт-шүу! мен «шөк-шөк!» кейіннен
Үйреншік сөз боп кеткендей.
Аямай күшін пейілмен,
Жануар жәрдем еткендей.
Снаряд шомға артылған,
Жегілген пушка дәртесі.
Тартады түйе қарқындап,
Желкілдеп екі өркеші.
Шөлге де көнбіс жануар,
Жүрсе де сусыз апталап.
Ойынан көптің табылар,
Көрген жоқ әсте қаталап.
Жарылған бомба орнынан
Жаңбырдың суын сораптап,
Қалмайды жорық жолынан,
Итеңдей басып, алақтап.
Бір ғана Балтық жерінде,
Бес рет болып жаралы,
Бет алып сонау Берлинге
Жануар тартып барады.
Даугаваның суынан
Теңкитіп екі бүйірін,
Хас батырлар туынан
Сезгендей жеңіс қимылын.
Келеді түйе маң басып,
Шадыман шаттық күткендей.
Шудасын қан мен шаң басып,
Машақат шақтар біткендей.
III
Рига қалған бұлдырап,
Маңында ерлер Каунастың.
Бұлтты күн тұрған тұнжырап,
Дүркірей кейін жау қашқан.
Қанқұйлы жаудың таянып,
Аяғын серпер сағаты,
Жатқан жоқ әсте аянып –
Қаптады қара қанаты.
Түскенде бомба ысқырып,
Жатсын ба түйе жануар,
«Бах!» – деді шошып ышқынып,
Құлады, бірақ жаны бар.
Василий «Ат-шу» – дегенде,
Жарықтық тұрған қайтадан.
Және алға жылжи бергенде,
Түскенін бомба байқаған.
Қасақы ұшқыш қасарып,
Түйеге төніп кайран қап.
Жүргендей бейне өш алып...
«Бах!» – деді түйе тайраңдап.
Мөп-мөлдір үлкен көзінде,
Қалғандай бір мұң жазылып.
Жатқандай қимас сезімде
Жауларды ол да жазғырып.
Іздеді ме екен иесін,
Іздеді ме екен ауылын,
Өрісін, көп-көп түйесін,
Жантақты жота бауырын...
Енді ажал мәңгі келгендей
Шудасы қанды желкілдеп.
«Риза бол, маған» дегендей
Жатты атан көзі мөлтілдеп.
Атанның сол бір саптағы
Солдаттар болған иесі.
Есінде мәңгі сақтайды
Сарбаздай өлген түйесін.
Жарықтық атан жерленді,
Теңіздің жағалауына.
Көзімен көрді ол ерлерді –
Тұратын бағалауыңа!
IV
Санында Сәрсен салған дара таңба,
Серейіп сеспей қатты сары атан да.
Септігін сол түйенің сарапқа сап,
Көз ілмей отырды ерлер ала таңға.
Шудасы шұбатылып желбіреген,
Момақан мойыл көзі мөлдіреген.
Сарбаздай сұранған бір соғысқа өзі
Аңыз боп тарады атан келді деген.
Бір боздар серігі жоқ сүйенердей,
Өзінен өзге төрт жыл түйе көрмей.
Жануар қара күшін аяған жоқ,
Әрсен ер ертіп келген сый-өнердей.
Айналып қару біткен «көрпесіне»,
Пушкалар, батса да ауыр өркешіне.
Шалдығып шаршау білмей сол сары атан
Аянбай еңбек етті жер төсінде.
Ел халін аруана сезінгендей
Ол-дағы фашистерден безінгендей.
Қайратын аяған жоқ өз елінен,
Көргендер ет жүрегі езілгендей...