29.09.2022
  254


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Соғым

Қапалақтап қар жауды,
Қаңтар аяз ап келді.
У-шу қылып мал-жанды,
Соғым сояр шақ келді.
Қазақ неткен көреген,
Қыс түскенін күткен шарт.
Соғым сою – көнеден,
Қазаққа ғана біткен салт.
Жайрайды мал жығылған,
Қардың үсті ойран боп.
Қазақ үшін бұрыннан,
Бұдан асқан мейрам жоқ.


Сақылдайды сары аяз,
Уілдейді ақ боран.
Пеш көмейін суырып.
Жүгіріп жүр жеңгелер
Қуырдағын қуырып.
Біреу құнан, тай сойды,
Семіз бие бай сойды.
Шеткі үйдегі бір қазақ,
Байлап қойған қой сойды.
Айдап келіп үйірін,
Біреу сойды бестісін.
Біреу сойып сиырын,
Мүшелейді кешкісін.
Өріс жақтан қайта айдап,
Біреу сойды құнажын.
Жылқышы жүр айқайлап,
Соймаңдар деп буазын.
Біреу сойды екі мал,
Бір жылқы, бір тананы.
Қазысы – сүт, еті – бал,
Ең дұрысы – жабағы.
Жылқышылар мұндайда,
Бұғалығын байлайды.
Жас жігіттер мұндайда,
Арқандарын сайлайды.
Қасапшылар мұндайда,
Пышақтарын қайрайды.


Бала біткен мұндайда,
Асыр салып ойнайды.
Апалардың мұндайда,
Ақ дидары жайнайды.
Қазанында әр үйдің
Қазы-қарта қайнайды.
Бір аллаға сыйынып,
Әркім барын сояды.
Үлкен-кіші жиылып,
Ет, сорпаға тояды.
Шалдар бата береді,
Соғым шүйгін болсын! – деп
Қазаққа сол керегі,
Қазан-табақ толсын! – деп.
Қызыл қарын жас бала,
Келін-кепшік қамы үшін.
Сойып салды масқара,
Бір жыл баққан табысын.
Кіргізбес қазақ шырайын,
Еттен басқа қорегі.
Несібесін Құдайым,
Сойған сайын береді.
Қабырғадан қарпып жеп,
Қарт көзінде от ойнап.
Омыртқадан жұлып жеп,
Бала да мәз, масайрап.


Бөгей алмас жолыңды,
Соққаны да дауылдың.
Бір жыл күтер соғымды,
Иттері де ауылдың.
Алты ай жазда мал жая,
Алты ай қысың аз ақ күн.
Қазы–қарта, жал–жая,
Ырыздығы қазақтың.
Әсем ән мен күмбір күй,
Арналып ауылдасына.
Әрбір күні бір-бір үй,
Шақырады соғымбасына.
Отыз үй болса, отыз күн,
Қырық үй болса, қырық күн.
Елу үй болса, елу күн.
Алпыс үй болса, алпыс күн,
Қонақ болып жүресін,
Жайраңдайсың, күлесің.
Ауылда соғым сойылса,
Сеніңде бар үлесің.
Тоқтата көрме, азат күн,
Жылқы баққан кәсібін,
Соғым сойған қазақтың
Ортайта көрме, кәсібін!





Пікір жазу