29.09.2022
  126


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Бешпетіңнің түймесі

Көзіме оттай басылды,
Бешпетіңнің түймесі.
Төгілдіріп шашыңды,
Шығыс биін билеші.
Айлы түнде айсырғаң,
Дір-дір еткен кезінде.
Ақ тәніңді бой ұсынған
Үлбіреткен кезіңде.
Күміс күлкің мың түрлі үн
Сыңғыр еткен кезінде,
Түн қойнында бұлқындың.
Гүл-гүл өпкен кезімде.
Жұлдыз қонған көздерің,
Төкті маған шуағын.
Бақыт болды сезгенім,
Бір көргеннен ұнадың.
Қара қасың керілген,
Садағындай сақтардың.
Күн дидарың көрінген,
Ажарындай ақ таңның.
Талшыбықтай бел қандай,
Аршын төсің армандай.
Ақ дидарың аяулым.
Сүтке малып алғандай.


Ақ қайыңдай балтырың,
Қорғасындай балқыдым.
Айдынында ақ түннің
Аққудайын қалқыдың.
Таңғы шықтай күмісім,
Ақ бидайдай алтыным.
Тәңірім берген шырай да,
Теңей бердім Күн, Айға.
Мың бір тәуба айтамын,
Жолықтырған Құдайға!
Түн қысқарып, таяп таң,
Түсірдің-ау күйге осы.
Бар сезімді оятқан
Бешпетіңнің түймесі.





Пікір жазу