29.09.2022
  146


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Үш бауыржан туралы баллада

Өтті уақыт жаз жаңарып, қыс жаңғырған,
Қыранның балапаны ек ұшқан қырдан.
Бөктерін Алатаудың дүбірлеткен,
Үшеу ек ел атаған «Үш Бауыржан».
Достықтан басқа ойларды тыс қалдырған.
Қияннан жеткен, қанат құс талдырған.
Төскейін Алматының думандатқан
Біз едік аты шыққан «Үш Бауыржан».
Біріміз Сыр мен Арал толқыны едік,
Біріміз Ертіс болып толқып едік.
Біріміз Көне Тараз күмбірі боп,
Қазақтың домбырасын тартып едік.
Біріміз Махамбеттей ерлеп едік,
Біріміз ұлы Абайдан өрген едік.
Біріміз Жамбылдайын жолбарыс боп,
Тереңнен жыр маржанын терген едік.
Тек қана қырандарды жыр қып едік,
Біріміз-бірімізден нұрды көріп.
Өмірдің Ақжелкенін бірге керіп,
Өлеңнің мұхитына сүңгіп едік.
Желпініп жыр оқысақ, қанаттандық,
Талпындық, таңырқадық, талаптандық.
Болам деп Омар Һайям шарап та алдық,
Есенин боламыз деп кабак бардық.
Тарихтың тарқатылған кітабының
Парағын бері ақтардық, әрі ақтардық,


Алаштың арыстарын жоқтағанда,
Ұлтшыл боп орыстарды сабап та алдық.
...Мойнында Айдан салған алқа тұнған,
Түн болса, алдымызда қалқа тұрған.
Көз салдық сұлуларға ақ қайыңдай
Бұрымы иығына тарқатылған.
Көз салдық сөз салмадық сабыр етіп,
Ешкімді шулатпастап дабыра етіп.
Біз кетсек мөлдірейтін қарындастар,
Басынан қалатындай бағы кетіп.
Шайқадық... Бір Баукеңе ән салдырып,
Бір Баукең әзіліне тамсандырып.
Біріміз жыр оқыдық түн жаңғырта,
Көңілін талай қыздың сарсаң қылып.
Қос жаға қоңыраулатып қозған ағын,
Жылыстап өте берді бозбала күн.
Шіркін-ай, білмеппіз-ау сол бір шақта
Жастықтың алауының маздағанын.
Бақыттың бал шарабын ішіп едік,
Аруды алма бақта құшып едік.
Қайтадан бара алмаймын тәтті күнге,
Сол кездер жүр бүгінде түсіме еніп.
Бұл қазақ жалықпаған түс жорудан,
Жарылып көкала үйрек ұш жанымнан.
Шаңытқан жолайрыққа Құс жолынан,
Жол кетті үш тарапқа үш жарылған.
...Бауырым, бара қалсаң, жастық шаққа,
Бар ма екен сұрай салшы «Үш Бауыржан».





Пікір жазу