Ақбиік
Реквием
Ақын Төлеужан Ысмайылов рухына
1.
Аталмай жүруші еді аты көптен,
Өлеңі талай жанды ақын еткен.
Төлеужан ағам менің түсіме енді,
Жыр болып түрегеліп ақиреттен.
Жаз! – деді, – жазбай кеткен жырларымды,
Айт! – деді, – айтпай кеткен сырларымды.
Бағындыр! – деді, – шашын сілкіп тастап,
Өмірде мен шықпаған шыңдарымды!
Үстінде аппақ нейлон жейдесі бар,
Ашаң жүз, ақ дидарлы бейнесі бар.
Дейтіндей: «Бұл өмірден өткен жанды
Ұмытып кетеді ғой кейде осылар».
Мін! – деді, –мен мінбеген арғымаққа,
Серуендеп Алматыда таңғы бақта.
Тауларын сөйлет, – деді, – туған жердің,
Өлеңмен тіл бітіріп бал бұлаққа.
Жүрместен пенделерге күлкі болып,
Көш! – деді, –Абыралы Бұлты болып,
Бар! – деді, – Берікқара баурайына,
Жатқандай ата-баба жұрты қонып.
Жан! – деді, – жалын шашып, маздап түрып,
Лапылдап, түнгі оттардай қоздап тұрып.
Соқ! – деді, – дауылындай Сарыарқаның,
Тоғайды тамырымен қозғап тұрып.
Жырларың толқын болып шумақ-шумақ,
Ақ! – деді, –Ертіс болып тулап-тулап.
Бетке алып көк мүхитты жөнел, – деді,
Қол соғып қарағайлар шулап-шулап.
...Жарқ етіп найзағай боп көкті керіп,
Сонан соң нөсер болып төкті келіп.
Біз жақта болушы еді сарыалақаз,
Әкеліп қауырсынын кетті беріп...
2.
Төлеужан... ақын еді туа біткен,
Дауысын Ертіс, Есіл, Нұра күткен.
Тау біткен жаңғыртады оның атын,
Өлеңін қайталайды тұма біткен.
Шу асау, тарпаң мінез, тарлан мініп,
Жатқандай жүрегінде арлан бұғып.
Түскен ол КазГУ-ге кеп он төртінде,
Естіген замандасын таң қалдырып.
Шынықты шырғалаңда, ширықты мың,
Маңдайға жазған бұзар бұйрықты кім?!
Теодор Драйзерді аударған ол,
Көрсетіп өзге тілге жүйріктігін.
Уызын шайқап ішіп күлкінің де,
Сынаған заманының бүлкілін де.
Қазақтың даласында-ақ сөйлескен ол,
Пушкинмен, Лермонтовпен жыр тілінде.
Дауылға қарсы тұрды желді күнде,
Көрсетті тәкаппарлық, өрлігін де.
Елігіп Маяковский дәстүріне,
Өз ойын еркін төгіп көрді бірде.
Мүлдем жоқ жасандылық жүрісінде,
Саңқылдап жыр оқыды түн ішінде.
Турашыл, тіліп айтар мінезі үшін,
«Ақын!» – деп мойындады ел, тірісінде.
Төлеужан... өлең еді тұнып тұрған,
Өмірдің құпиясын біліп туған.
Бораны Семейтаудың адастырып,
Аязы Шыңғыстаудың шынықтырған.
Төлеужан... нөсер еді құйып өткен,
Аспаннан туған жерді сүйіп өткен.
Кей кезде елестейді көз алдыма,
Иесіз сары далада құйын өткен.
Сол құйын шыр айналып, жоқ болады,
Біресе жалын шашқан от болады.
Бәйгенің алдын бермей, енді бірде,
Кетеді құйыңдатып Ақтабаны.
Өтеді көз алдымнан ағын болып,
Ағынға араласқан сағым болып.
Ибамен су бетіне төгіледі,
Иваның көз жасындай лағыл болып.
Жайлаудың сурет болып кешкі реңі,
Түсіме қоңыраулы көш кіреді.
Төлеужан жырға айналып кеткен екен,
Даланың даусы болып естіледі.
3.
«Даланың министрі» – ақын еді ол,
Өлеңнің оқшау тұрған шатыры еді ол.
Кімнің кім екендігін бетіне айтар,
Бейбітшіл замандағы батыр еді ол.
Дәл содан, таяқ жеген пенделерден,
Есіктен кірген бетте ол төрге келген.
Ол келсе, дөңгелек бет жер үстелдер,
Алдында Жер шарындай дөңгеленген.
Сонан соң орыс уын тартып алған,
Шығардай соны тартса бар құмардан.
Жүргенде Алматыда досы көп боп,
Ауылға барған кезде жалқы қалған.
Бүлбұлын талай таңның сайратқан ол,
Жырымен талай кешті жайнатқан ол.
«Елуге келгендерді тойлағанда,
Елуге келмегендерді ойлатқан»– ол.
Төрлерін Алматының төрсінбеді ол,
Жасанды, у мен шуын менсінбеді ол.
Сыймады мандайына тар қаланың,
Қаладан жиіркенді, жерсінбеді ол.
Өлеңін сынап берді құлша талап,
Таппады қала келіп, мұнша тағат.
Қайралып, өткір болды алдаспандай,
Тигізді «Әлдекімге бір шапалақ».
Қайтарып өсек сөздің қалың оғын,
Таусылды төзімі мен сабыры оның.
Сынады жағымпаздық, жалтақтықты,
Жақпады жәдігөйлік жанына оның.
Шенеді шендіні де, шекпендіні,
Солардың қатты батты өктемдігі.
Тазалық, табиғилық ұясындай
Көрінді ауылдағы өткен күні.
Оқыды отты жырын ақ залдарда,
Қарыз боп ресторанда завзалдарға.
Жүрді де баспанасыз, үйсіз-күйсіз,
Түнеді аэропорттар, вокзалдарға.
Тіл қатты ол нөсер болып ормандарға,
Ақында айтып өткен арман бар ма?
Қамалып айлап, жылдап жазып кетті ол
Жоғалған өлеңдерін подвалдарда.
Сөйтті де кетті ұшып сардалаға,
Іздеді сол даладан жанға дауа.
Ат мініп, жылқы бағып, тау аралап,
Айналып кете барды пәруанаға.
4.
Сағынып сағымды өпті, ауыл жетті,
Ауылға келгеннен соң қадір кетті.
Ешкім де түсінбеді жанын оның,
Жиып ап, жыр оқыды, қалың көпті.
Деді оны: шарапты көп ішіп кеткен!
Еңсесі сонда ақынның түсіп кеткен.
Сынады қаңқу сөзді қандастарын,
Мінеді бастықтарды ісіп, кепкен.
Бір түнде дүкеншіге барып көрді,
Ашпады, есігін де қағып көрді.
Сындырып терезесін бір шумақпен,
Сұлбасын туысының салып берді.
«Мен – Жанаймын, Жанаймын,
Қойшыларды қанаймын.
Күндіз түскен пайданы
Түнде отырып санаймын!» –
Деп жазып кетіп қалды жайлауына,
Тарады шумақтары аймағына.
Көп жазды ренжіткен жандар жайлы,
Ауылы толды Төкең ойларына.
Уытты, өткір сөздің берені еді,
Қалды оның ел аузында көп өлеңі.
Құлазып кеткен кезде атқа мініп,
Ауылына Шәкер ақын1
жөнеледі.
Күрең ат, күрең шай мен күрең ауыл,
Кілең жыр төгілгенде түледі ауыл.
Сырларын қос ақынның Шыңғыс тыңдап,
Әлдилеп тұрушы еді Жүрекадыр.
Ойлары ағыл-тегіл төгілетін,
Жырлары қос өрім боп өрілетін.
Шәкердің нұрға толы шаңырағы,
Жазушы Одағындай көрінетін.
Серпіліп, серуендеп, тұнған бақыт,
Шәкердің ауылында думандатып,
Қыздырып жыр көрігін, жаудыратын,
Шыңғыстау сілеміне жырдан жақұт.
Қолаттар өр дауыспен дүр сілкініп,
Абайдың рухымен мың сыр тұнып.
Түсінер жан сарайын аға тауып,
Қайтатын сол сапардан бір сілкініп.
5.
Қайрылып, қайта оралды қыстауына,
Көнбеді тар жалғанның қыспағына.
Бейнесін туған жердің сөзбен сомдап,
Шығарды дүниенің ұшпағына.
Қанатын қағып ұшты Ақбиіктен2
,
Көргені шарға айналған от биіктен.
Бір мезгіл Дегелең боп мұнарланды,
Арылды іште жатқан көп күйіктен.
Аждаһа туған елін жалмап жатты,
Сәбиден ана айрылып, зарлап жатты.
Қоршалып Тәттімбеттің жайлаулары,
Жеріне темір шеңгел орнап жатты.
Өртеніп, жанып кетті жаралы орман,
Асылып өліп жатты балаң арман.
Отызда орда бұзған жас та кетті,
Үзілді қырығында қамал алған.
Ән-жұмақ Әміреге тапқызбады,
Қанатын Шәкәрімнің қаққызбады.
Күн сайын дүр сілкінтіп дүниені,
Абайды көрде тыныш жатқызбады.
Әуезов, Аймауытов өскен аймақ,
Самалы асыл сөздің ескен аймақ.
Әскери полигон боп шыға келді,
Бір кезде ата-баба көшкен аймақ.
Айналды меншігіне дала кімнің?
Күйінді соны көріп жаны ақынның.
Өлеңін атты отаршыл орыстарға,
Түндігін серпіп тастап қара түннің.
«Қойларды» жатқа оқыды інілері,
Сонда да ақын жаны түңіледі.
Елінің іші толған ірің еді,
Мәскеуге бас изеген ірілері.
Аспанда темірқанат саңғытады,
Жер тозды, мал азайды, жан жұтады.
Көрген соң соның бәрін, шарасыздан
Шараға құйып ақын қан жұтады.
6.
Бейнеңді елестетсем, елеңдедім,
Ақынды көрген жоқпын сенен керім...
«Аузынан табыл іні-қарындастың,
Мәңгілік жас рухым өлеңдерім»,–
деді де кете барды ол мәңгілікке,
Қойылып ғұмырына соңғы нүкте.
Жырынан қанат байлап самғап ұшқан,
айналды аспандағы сәйгүлікке.
Бір кезде өткір сөзбен өкпелеткен,
Жандар жүр төбелері көкке жеткен.
Ерте ашып қасиетті жыр қақпасын,
Сол ақын көз жұмды ерте әттең, әттең!
Ерттеліп мінілмеген күрең қалды,
Соңында өршіл, отты, жігер қалды.
Сөз десе ішкен асын жерге қойған,
Өлеңін өлтірмейтін ұлы ел қалды.
7.
Соқты ақын алай-түлей боран болып,
Ойлары жазбай кеткен маған қонып.
Тоғайдың кешегі бір белгісіндей,
Томпиып жатты кейде томар болып.
Жел болып енді бірде азынады,
Қобыздың сарынындай сазы ұнады.
Самал боп енді бірде желпіп өтті,
Домбыра жан қылымды шертіп өтті.
Аспанның барша бұлтын жиып келді,
Нөсер боп тағы бірде құйып берді.
Төгілді Күннен келген шуақ болып,
Өрілді Айдан тамған қуат болып.
Не деген өлеңдері мөлдір еді!
Айналып таңғы шыққа мөлдіреді.
...Даланың даусы болып жеткен ақын,
Таралып ел аузында кеткен атың.
Мен сені бірге апарам болашаққа,
Айналып табиғатқа кеткен ақын.