29.09.2022
  154


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Үштөбе. Қайратты еске алу

Бауырында Қараталдың жатқан бауырым.
Көрдің бе бүгін таңды атқан, бауырым
Қапыда ажал оғы тиді-ау саған
Ауылын аңсап аттай шапқан бауырым.
Құлады биікте еркін ұшқан бауырым,
Айырмаң жоқ еді ғой құстан бауырым
Аққанат,алпамсадай тұлғасымен,
Қапыда қара жерді құшқан бауырым.


Сен едің жан аямас, шын арысым,
Жоқ қазір жырдан басқа жұбанышым.
Аққудай сыңарынан айырылған,
Жүзеді айдыныңда Қуанышың.
Дос іздеп қиналғанда, керек бауырым
Сағындым. Сенің орның бөлек, бауырым.
Соңыңнан Дәулеткелді, Алланазар
Келеді өсіп жасыл желек, бауырым.
Үштөбе. Сол баяғы сол Үштөбе.
Кеудемді кернеп кетті ағыс көне.
Бір кезде шығарып сап, қарсы алатын,
Сен болып қол бұлғайды таныс төбе.
Ілестің Жұматайдай бір төреге,
Бізге арнап енді Қайрат гүл тере ме ?!
Тірлікте Үштөбені көп айтушы ең,
Айналдың сен өзің де бір төбеге.
Кетіп ең құйыңдатып Ақтабанмен,
Қаратал қайтара ма жоқтағанмен.
Қасыңнан ауылыңның барам өтіп,
Қайтейін өзің жоқсың, тоқтағанмен.





Пікір жазу