Бура
Әбубәкір Қайранға
Әбеке, Елу жасқа жеттің бүгін,
Өлеңнің жүректерге ектің гүлін.
Тыңдадың туған жердің жан айқайын,
Естідің желдің даусын, көк күмбірін.
Шабытын шаң тигізбей шашқанда өлең,
Сөйлестің Алатаудай асқарменен.
Шалқаңнан жатып алып көк шалғында,
Тілдестің қаншама рет Аспанменен.
Кеуде ашып Сарыарқаның самалына,
Еркін кеп Жазушылар Одағына.
Иттердің ит екенін бетіне айттың,
Қасқыр боп қасарысып қоғамыңа.
Дүние өңін жұзге құбылта алған,
Ақсуат тойлап жатыр бүгін таңнан.
Ұлы едің түйе баққан қара шалдың,
Өзің де бура болдың буырқанған.
Семейің қарағайдан ән ұшырды,
Ертістей таптың жырдан ағысыңды.
Саңқ етіп өзің өлең оқығанда,
Таныды бүкіл қазақ дауысыңды.
Қылау жоқ аппақ қардай ақ жаныңда,
Өзіңмен жолыққандай ақ жауынға.
Қайрат пенен екеуміз танысқан ек,
Бірінші Алматының вокзалында.
Ертістің жүзіп жеттің аралына,
Нұр жауды Алла берген талабыңа.
Ақиқат – бозбала шақ, қарап өстік
Қырандай қаққан сенің қабағыңа.
Шамдансаң шайпау едің, шатақ едің,
Қайымдай ғұламадан бата ап едің.
Дем беріп, арқамыздан қағып тұрып,
Біздерді еркелетіп «Бота» дедің.
Шындығы сол сөзіңнен серпін алдық,
Өлеңнің айықпайтын дертін алдық.
Өзіңнің пәтеріңде – жайлауыңда,
Түндігін түріп тастап желпіне алдық.
Иранбек көрінеді Айыртаудай,
Жүретін Жәркен ағам Жайыртаудай.
Бір өзі Ұлықбектің Сауыр-Сайқан,
Кеңшілік, Дәуітәлі, Жарасқанның,
Қасында дүр сілкіндік қайың-талдай.
Аға тауып Аманхан, Мейірхандай,
Жүздестік Жұмағаңмен мейір қанбай.
Тарбағатай сен едің ішімізде
Деуші едік: «Біздің Әбіш шайыр қандай?»
Әйтеуір бір еркіндік сыйлап едің,
Білмедік болатынын кейін қандай.
Сөз арнап арман жігіт, арлы қызға,
Ұшқанда самғап ұштың таулы-құзда.
Өзіңнің жырға қосқан арғымағың,
Келеді құйындатып алдымызда.
Қандырып шөлін елдің, не шөлдетіп,
Дауылдат, жауындатып, нөсерлетіп,
Төрінен Алты алаштың Алматыдай,
Төгілдір өлеңіңді әсерлі етіп.
Атыңды қойған әкең Әбубәкір,
Соңыңда келеді еріп қалың батыр.
Қызығы, қиындығы араласып,
Тұп-тура елу жылың қолыңда тұр.
Кілемдей жайлы, жұмсақ, қалы түнде,
Өлеңнің оралушы ед балы тілге.
Гүл апам бізге берген қуырдақтың
Дәмі ауыздан кетпейді әлі күнге.
Бәрі бар, Әбіш сенде, баққа бала,
Маздатып жырдың отын жақ далада.
Бір күнде туған ағам Жамбылменен,
Жәкеңнің жасын берсін Хақ тағала!