Қырау
Сәулетші Мырзахмет Қасымовқа
Ақтарылып сырымыз,
Ақкөйлек қалпы отырмыз.
Сәулетшіміз – біріміз,
Ал біріміз – ақынбыз.
Қар жауып тұр қылаулап,
Қабағыңа қырау қатпасын.
Мен отырмын жыр аулап,
Сен шабытты шақтасың.
Көкірегіңе сақтадың,
Шәкәрім жырын өзгерек.
Өмірдің әйбат шақтарын,
Көру үшін де көз керек.
Әуезовты алдық еске біз,
Әміренің әнін шырқадық.
Киелі жерде өскенбіз,
Тәттімбет болып бұрқадық.
Алшекең болып алшаңдап,
Құнекең болып өрледік.
Екі қолды оң, солға ап,
Әрлі де берлі сермедік.
Абайды Дана ойға алып,
Жидебайға барып жатармыз.
Біріміз – түнде Ай болып,
Біріміз – таң боп атармыз.
Хан, Шыңғыс тауын көргенбіз,
Кеудені кернеп жел, кеше.
Ұлылар туған елденбіз,
Сөнбейміз біздер ендеше.
Ауылда жүрсек біргеміз,
Қалада тұрсақ бөтенбіз.
Қаланған жерге іргеміз,
Барып қайтайық екеуміз.
Бабаларымыздан жан сырлас,
Аламыз сонда шуақты.
Елдегі мәңгі таусылмас,
Бұлақтан шыққан қуатты.
Мәңгілік мені, ізде Сен,
Бақытты болсын босағаң!
Жалғыздыққа дауа іздесем,
Алдымнан шыққан дос ағам.
Біздерде қандай арман бар,
Ұмытпаймыз Ұлы Ұяны.
Қайнардан бастау алғандар,
Мұхитқа барып құяды.