29.09.2022
  135


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Қағанат

Жұматай Жақыпбаевқа



Жұмағұл-Шора азан сап қойылған атың,
Жұматай ағам, ғажайып шайыр болатын.
Қырыққа келген кезінде бекзаттық қонып,
Қырандай еркін қағатын дәйім қанатын.
Көрдім мен оны жігіттің сұлтаны еді,
Ләйләдай әнін көзінше шырқады елі.
Төркінін бүгін іздейді шұғынық гүлдер
Қызғалдақ толы қазақтың қырқалы, белі.
Қияқ мұртыңыз есімде қиылып тұрған,
Күлкіңіз менің жадымда жымиып тұрған.
Жаратқан Тәңірім ертерек алып кеткені-ай,
Жаралған жандай жүруші ең құйылып нұрдан.
Костюм киюші ең жарасты былғары қара,
Өзіңді шыңға шығарып шыңдады дала.
Түтініндей боп шылымның санаңды улап,
Шырмауықтайын жаныңды шырмады қала.
Көрдім мен сені Олжаспен, Асқармен көрдім,
Аласармайтын Өтежан-Аспанмен көрдім.
Қаламын тастап шарабын сіміріп тұрған,
«Қаламгердегі» әр түрлі бастармен көрдім.
Сен бірақ Төрем, бұзылмас қағанат құрдың,
«Саратаныңмен-ақ» даусыңды даралап тұрдың.
Мейірхан мен Әбішті «илхам» деп танып,
«Сайд» деген шенді бір кеште маған лақтырдың.


Нояндар және қаншама қасыңа ерген,
Қайтқанда сенің жер құшып басыңа келген.
Бауыржан, Есжан, Нұрландар жарқырап жанып,
Өз ұшқындарың еді жұлдыздай шашырап өлген.
Кәдірбек, Нұрлан, Қазбектер нояндарың ғой,
Қызығына мынау өмірдің тоя алмадың ғой.
Мұратбек, Қайрат, Светтер жоқтаса-дағы,
Оянбадың ғой, қағаным, оянбадың ғой.
Есенқұл, Ертай, Тимурлар нояндарың ғой,
Балына мынау өмірдің тоя алмадың ғой.
Айсұлу, Гүлнар, Жәния жыласа-дағы,
Оянбадың ғой, қағаным, оянбадың ғой.
Өтірік емес, Қажытай, куә бәріне,
Інілеріңнен жәуһар жыр туады әлі де.
Кенежиреніңді ерттеп-ап шықшы бір күні,
Сарноқайдағы сағынған құба беліңе.
Күйсіз мен күттім өзіңді әуенсіз күттім,
Қазағыма қонған ақ қанат өлеңсіз, құттым!
Өзегімізді өртейді жалғыз өкініш,
Тата алмай кеттің тұз-дәмін тәуелсіздіктің.
Ата алмай кеттің Айкүннің ақ таңы болып,
Жана алмай кеттің Астана оттары болып.
Сіз жазбай кеткен жырларды қалы кілемдей,
Біз отырамыз түндерде топталып өріп.
Сағындым сені, Ағатай, түсімде көрдім,
Қызғалдақтардың қаптаған ішінде көрдім.
Кететініңді, өмірден өтетініңді,
Білмеймін бұрын қалайша түсінбегенмін.


Биіктен қарап тұрасың үзбеген гүлге,
Жырыңнан сені табамыз іздеген күнде.
Құттықтаймын сізді Жұмаға, жарқырап тұрып,
Жаңа ғасырға келдіңіз, бізбенен бірге!





Пікір жазу