29.09.2022
  113


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Алдаспан

Сағат Әшімбаевтың рухына



Өлді деуге бола ма ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған.


Абай



Ақша бұлтты емген тау мүсін,
Хан Тәңірім – қарлы шың,
Талантты туған Сағаттай
Алқалы жұртым бармысың!
Арқалай келдім сіздерге
Алты алашымның алғысын.
Дарынды берген Сағаттай,
Аспантауларым армысың!
Пейілі дархан даладай,
Еңсесі биік қарағай.
Қуанды кейде баладай,
Толғанды кейде данадай.
Қомданды кейде қырандай,
Құйғытты оймен құландай.
Санасын елдің оятты ол,
Бұлқынған тордан шыға алмай.
Өртке тиген Қасымдай,
Қанаты күйген лашындай.


Өрекпіген өр елдің
Өксігі тұрса басылмай,
Аспанына қазақтың
Жарқылдап шықты жасындай.
Жанары мөлдір тұмадай,
Жәудірей қарап құралай.
Болғанда заман сонау жыл,
Алағай да бұлағай.
Еңсесі биік қарағай,
Тұра алар ма құламай,
Жүректің алтын арқауы
Үзіліп кеткен шыдамай...
...Тұр, тұр, тұр, тұр, тұр, тұр! – деп,
Ұмтыл, ұмтыл, ұмтыл! – деп.
Сілкін, сілкін, сілкін! – деп.
Жұртым, жұртым, жұртым! – деп,
Ұлтым, ұлтым, ұлтым! – деп,
Тәуелсіздік сәбидің
Еңбегіндей бүлкілдеп.
Бұлбұлы болып оятты ол,
Алматының алма бақтарын.
Қаламыммен түртіп оятты ол,
Рухымның сөнбес оттарын.
Бәйгеге қосып кеткен ол,
Арманының арғымақтарын.
Көре алмай кетті тек қана,
Бостандықтың бақ таңын,
Азаттықтың ақ таңын.


...Бір өкініш, бір үміт...
Өтті уақыт құбылып.
Сағаттай асыл ағаның
Сәулелі ойын сіңіріп,
Нұрлы Күннің ақ саумал,
Саф ауасын сіміріп.
Алдаспандай ой болып,
Алмас, асыл сөз болып,
Алпысқа толып сол Сәкең,
Аспантаулар алдыңа
Келіп тұр бүгін тіріліп...
Қазағымның, ұлтымның,
Қайнап бір шыққан ойы – бұл!
Тәкаппар, асқақ Рухымның
Тарқамас мәңгі тойы – бұл!





Пікір жазу