29.09.2022
  143


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Кеше мен бүгін арасы

Қайрат Әлімбекке
Қайратым-ау, ақ қардай адалым-ау,
Салқын тартты өзіңсіз қала мынау.
Неге ерте түсті екен биылғы күз,
Көңіл сұрқай өзіңсіз дала қырау.
...Қиындықтан тайсалмас батыр едің,
Кеше ғана КазГУ-де оқып едің.
Мұқағали сияқты түр-тұрпатың,
Қазағымның аймаңдай ақыны едің.
Кеше ғана жастықтың желігі едің,
Отырысты қыздырар көрігі едің.
Сұлулықты өлеңмен сомдаймын, – деп,
Жұматайдың қасына еріп едің.
Жыр боп жанған елестеп от-реңің,
Өртенеді қайғыдан көкірегім.
Кеше ғана әзіл мен қалжың айтып,
Достарыңның қасында отыр едің.
...Асыл едің, ақ едің, аңғал едің! –
Түу алысқа шабатын тарлан едің! –
Дейді бүгін соңыңда қалған елің.
Омақаса асырған тұлпар-жырды,
Беу, дүние, не деген жалған едің!


Құс боп ұшып баратып Қараталға,
Оралмадың, бауырым, ақ отауға.
...Қайтқан құстың ілесіп қанатына
Көктемеде оралшы Алатауға!!!





Пікір жазу