Жайлыбайдың ғалымы
Үн қосып қарашаның қаздарына,
Ән қосып Сарыарқаның саздарына.
Күй қосты жәудір көзді бота болып,
Қазақтай бозінгеннің боздауына.
Аманатын, ел мұңын Арқадағы,
Жайлыбайдың Ғалымы арқалады.
Қызылжар, Көкшетау мен Баянауыл,
Жаңаарқа, Жезқазған мен Қарқаралы.
Шаттықтан бір шайқалды шартарабы.
Арқаны өлең көші араласын,
Көңілдің жарқыратып самаласын.
Жарқылдап Мәди баба найзағайы,
Алдыңа келіп отыр бала Қасым.
Бетпақтың еркін ескен киігі едің,
Біржанның құйқылжытар биігі едің.
Ақанның шырқап салар әні ме едің,
Сайдалы Сары Тоқаның күйі ме едің.
Ақынның қызыл тілі – құт Тәңірі,
Арқадан талай жайсаң шыққан ұлы.
Бір аунап жатқан шығар Үкілі Ыбырай,
Кешегі Иманжүсіп Құтпанұлы.
Қалың ел көбейте түс қараңды енді,
Сүйгендей өліп-өшіп самал белді.
Бұқардың, Ұлы Абайдың жалғасындай,
Алдыңа сөз ұстаған балаң келді.
Естіліп елдің үні Ақтабаннан,
Ұлың бар қара өлеңнен бақ таба алған.
Күн бүгін Мәшһүр Жүсіп бата берген
Күн бүгін Жаяу Мұса атқа қонған.
Дүние дүр сілкініп дүрмекпенен,
Күн бүгін көкіректе жыр көктеген.
Сәкеннің сыр сандығы ашылған күн,
Аталып Мағжан аты құрметпенен.
Ол жазса жусаныңа жыр тұнатын,
Көкорай шалғыныңа жыр тұнатын.
Кәкімбек, Қайраттардың ізін басқан,
Ғалым да, ұлың елім, бір туатын.
Дәл бұл күн жыр-нөсерге шомылар күн,
Есіл мен Нұра болып ағылар күн.
Бәйгеден Ардакүрең келген күн – бұл,
Аспанға бөркін атып қалың Арғын.
Төккенде тоқсан толғау мың түрге ендім,
Дәл бұл күн сексен көлім сілкінген күн.
Бақыттан Ақторсықтай анамыздың
Көзіне бір тамшы жас іркілген күн.
Күткен жұрт отыр мұнда Аламанды,
Бір қара құйындатып дараланды.
Көрінді өзің қосқан арғымағың,
Ал, тойың құтты болсын, Қарағанды!