29.09.2022
  330


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Сөз зергері

Ғ. Мүсірепов рухына фатиха



Заманның желі соғып, сулары ағып,
Кең далам тоқсан толғау сырға оранып.
Уақыт өткен сайын ұлылардың,
Бейнесі көрінеді тұлғаланып.
Жайқалған ақ қайыңдар арасында,
Шайқалған сексен көлдің жағасында.
Сырбаз сөз, сымбатты сөз болып тудың
Қазақтың оянбаған даласында.
Көктемге ол кезде де жаз ұласқан,
Бойында сұлу сөзге саз ұласқан,
Түндіктен, туа сала, жұлдыз көріп,
Киелі киіз үйде көзін ашқан.
Қызыл жон қырғындағы батырлары,
Асау той, тентек жиын хақындағы.
Ғажайып әңгімелер өсірді оны,
Шалдардың ертегісі, нақылдары.
Жасында қайсар болған, қаймықпаған,
Жүрегі ештеңеден шайлықпаған.
Арапша қаріп танып алты жаста,
Ән тыңдап, жеті жаста ой нықтаған.
Біржанның жырын естіп тебіренді,
Ақанның әнін естіп еміренді.
Сол әнге күй қосылып кеткен кезде,
Ғажайып боп көрінді өмір енді.


Отырып қиссашының оң жағына,
Үңілді кітап алып шам жанына.
«Қыз Жібек», «Көрғұлыны» ұйып тыңдап,
Шомылды қиссалардың маржанына.
...Қалайша өткен тарих көнереді,
Өмірі өрілген бір өлең еді.
Оятқан туған жерді сұлу сазбен,
Сол бала – сөз зергері Ғабең еді.





Пікір жазу