29.09.2022
  139


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Алтайдан ұшқан ақиық

Жазушы, драматург Талаптан Ахметжанның рухына



Сұрланып бұлттар даланы жабар,
Тағы да суық қаралы хабар.
Ашылып гүлі келе жатқанда
Жабылып достың жанары қалар.
Ойладық па біз, Сен кетеді,– деп,
Ауыр мұң елді меңдетеді,– деп.
Ойладық па біз Одақта сені
Қаралы әуен тербетеді деп.
Қырқыңда қамал алған едің ғой,
Жалындап тұрып жанған едің ғой,
Алтайдан ұшқан Ақиығым-ай,
Алатауға келіп қонған едің ғой.
Жазған едің ғой көсіліп тұрып,
Жүретін едің есіліп, күліп,
Сан мәрте төрде салмақты қалпы
Сөйлеген едің шешіліп тұрып.
Бағымызды сөзден тауып едік қой,
Бірге жүргенде жарық едік ғой.
Семейге күні кеше ғана біз
Сапарға бірге барып едік қой.
Жазмыш па, жазмыш мәселесі ме,
Пенденің жазған пешенесіне,
Тағзым етіп ек, құран бағыштап,
Абай, Шәкәрім кесенесіне.


Оқырманың боп сенді де халық,
Көрерменің боп көрді де халық.
Мұхаң рухына бас иіп едік,
Арнайы тоқтап Бөрліге барып.
Ақырын жүріп, анық басатын,
Құшағын бүгін халыққа ашатын.
Ертіске барсаң еркелеп кейде
Толқындар сені алып қашатын.
Қаламгер едің, қайраткер едің,
Жазғаның сенің әйбат дер едім.
Қолымнан менің не келер дейсің,
Жырымды ғана байлап беремін.
Өмірді баппен сүруші едің,
Ақкөйлек қалпы жүруші едің,
Сұлулықты көрсең суретші болып
Жымиып қана күлуші едің.
Арманды қуып жетіп қаласың,
Бізден де дәурен өтіп барасың.
Ақсайда досым тұрушы едің,
Кеңсайға енді кетіп барасың.
Соңыңда мөлдір жазғаның қалды,
Қаңқылдап ұшқан қаздарың қалды,
Қайталанбайтын саздарың қалды,
Егіліп жылап жан-жарың қалды,
Әйгерім, Назым, Бұлбұлың қалды,
Асыл тұяғың Мағжаның қалды.


Өшпейсің досым өрлеп тұрасың,
Күршімде ауылың көлдетті жасын,
Сен өткен кезде жаңбыр тоқтамай,
Алматы көзден селдетті жасын.
Жас қабіріңді жел өпті жылап,
Орының сенің бөлек-ті бірақ.
Өксіді бүкіл Қазақстаным,
Солқылдағанда Теректібұлақ.
Талаптаным-ай, Талаптаным-ай!
Жаныңды ерте алды-ау Жаратқаным-ай!
Өзіңсіз күңгірт кеш батты бүгін,
Өзіңсіз сұрғылт таң атқанын-ай!





Пікір жазу