Туған жердің иесі
Ақын Ибрагим Исаевқа
Жырлап өскен даласын,
Жырлап өскен қыратын
Жырдан тапқан арманын,
Жырдан тапқан мұратын.
Келді ортаңа кең пейіл
Алқалаған әлеумет,
Алматыда тұратын
Сырда туған бір ақын.
Күннің нұры жүзіне
Күлкі болып тұнатын,
Қашан көрсең жайдары
күлімсіреп тұратын.
Шуақ етіп шашқан ол
асыл сөздің маржанын,
Тұмар етіп таққан ол
Ұлы Абайдың шын атын.
Келді ол бүгін сағынып
Сырдария толқынын,
Сарыалақаз саңқылын,
Қараша қаз қаңқылын:
Гүлдегенін жиденің,
Қорқыт ата күйлерін,
Көктемгі күн күркірін,
Найзағайдың жарқылын.
Келді ол бүгін сағынып
Ақмешіттің ақ таңын
Қызылорда аспанын,
Қызарып күн батқанын.
Қара жолдың бойында
Асық атқан күндерін,
Қайта оралмас балалық
Балғын дәурен Шақтарын.
Аттанғанда сапарға
Ауыл сенім артқанын,
Келді ол бүгін сағынып
Бата берген қарттарын.
Ағалардың ақылын,
Жеңгелердің әзілін,
Ақ білекті қыздардың
Шәйі орамал тартқанын
Аналардың тілегін
Інілердің жүрегін,
Қарындастар гүл өңін,
Қызғалдақтай реңін,
Қайда жүрсе бірге алып,
Жүрді өзімен сол ақын,
Өзіне өмір сыйлаған
Қасиетті Сыр елін
Ғасырларды көктеген
Сырдан тапқан бақытын,
Таңғы шықтай мөп-мөлдір
Жырдан тапқан бақытын.
Туған елін тербетті
Әсем-әсем әндермен,
Қаламына жүгінді
Босқа өткізбей уақытын.
Аңқылдаған ақ самал
Жанға рахат дауасын
Келді ол бүгін сағынып
Туған жердің ауасын
Шарлады оның өлеңі
Шартарапқа жайылып
Сазды жырмен тебірентіп
Қазағымның даласын.
Сонау балғын кезінде
Сүлейлерден от алған,
Қаратаев Мұқаңдай
Қара нардан бата алған.
Тұмағаңның інісі,
Жарасқанның жан досы,
Ибрагим Исаев – сырбаз ақын атанған,
Асыл халқым ақының
Еркелесе сүйеші.
Ақын аққу сияқты,
Бар ғой оның киесі.
Ертең уақыт өткенде
Судырлатып парағын
Сол боп қалар тарихта
Туған жердің иесі.