Қарапайымдылық теориясы
Ақын Есенбай Дүйсенбайұлына
Күйкентайдай ағам бар
күйін шерткен дүниенің,
Баспа үйіне барғанда,
басты алдына бір иемін.
Баспасының алдында,
басқасының алдында,
Өлең ғана жоғары Есағаңдай
жыр иенің.
Ақын жырдың иесі,
оған кімнің бар дауы,
Тағдырымның таусылмас
тоқсан тарау толғауы.
Өлеңге кеп қонады.
көлге қонған аққудай,
Домбыраның күмбірі,
қоңыр қобыз сарнауы.
Сарыалақаз саңқылы,
қараша қаз қаңқылы,
Сағым дүние жалтылы,
найзағайдың жарқылы.
Қазақпыз біз дүниенің
шешкен барлық жұмбағын,
Қара өлеңнің ағысы,
иірімі арқылы.
Өлең болып көрінер аққан өмір
көш оған,
Тіршіліктің күрмеуін жырын оқып
шеше алам.
Баспа үйінде Жұмекен
таптырмайды бұл күнде,
Бірақ отыр сол үйдің иесіндей Есағам.
Асқан да жоқ, тасқан жоқ
сабасында аққан ол.
Өлең көрсе, аспаннан
қаршығадай қаққан ол.
Көкірегі оның көк аспан,
кеудесі оның кең дала,
Қара өлеңін қазақтың
тұмар етіп таққан ол.
Сол үшін де Құдайға,
мың бір тәуба жасаймын.
Күйкентайдай ағама
нұр шұғылаңды шаш Ай, Күн!
Есағамның жырларын жатқа оқиды
жас құрақ,
Еділ-Жайық оқиды
қоңыраулатқан қос айдын...
Жақсы жырды оқыса,
масаттанып, марқайған,
Осы ағамды іздейді
Атырау, Арқа, Алтайдан.
Көрген жоқпын кездерін
Есағамның еңкейген,
Көрген жақсы кездерін
Есағамның шалқайған.
Қаламынан сыр ұқтым,
қабағынан мұң ұқтым
Мұң болғанда қандай мұң,
ақ тұмадай тұнық мұң.
Эйнштейн салыстырмалы
теориясын жасаса,
Теориясын жасады ол
қарапайымдылықтың.
Кеудесін де қақпады,
орден-медаль тақпады,
Хатқа жазып мөп-мөлдір өлеңдерін
сақтады.
Жүгірген жоқ бермейтін
Мемсыйлықтың соңынан,
Әдебиет – ары ғой,
Ар биігін сатпады.
Отырып ап баспада
батырды сан кешіңді,
Қосамын деп өлеңге,
судай жаңа есімді.
Баспанасыз жүрсе де,
астанасын тастамас,
Мынау жаңа ғасырдың
Қасымдарын өсірді.
Есағаңның алдына
не бір жандар келеді,
Боз биенің сүтіне
шомылғандар келеді.
Бозбауыр аспан астында
сабылғандар келеді,
Боз дала боп бозторғай
тағынғандар келеді.
Боз ала таңда оянып,
боз жорғаға мініп-ап,
Боз жусанның иісін
сағынғандар келеді.
Біреулері даладан
өлең іздеп жоғалды,
Есенин боп біресе
көше кезген соларды,
Кітаптарын шығарып,
берген қаламақысын,
Есағаңнан басқа ешкім
түсінбеді оларды.
Бар байлығы сол оның –
інілері жырдағы.
Өзі келген бәйгеде
енді солар зулады.
Өткен сайын уақыт,
көрінеді жарқырап,
Есағаңның сап берген,
ақ күміс ер-тұрманы.
Еңбегіңді біз елеп,
көрсетпесек кеш, ағам.
Саған тиген адамнан
өмір-бақи өш алам.
Елуінде еңкеймей,
алпысында шалқаймай,
Жетпіске аяң желіспен
келіп қалды Есағам!
Шағаладай шарқ ұрдым,
Қыран болып қалқырмын,
Сөнбейтінін сезе бер
сенен алған жарқылдың.
Көкірегінің күркірін,
жүрегінің лүпілін,
Түсінетін сен барсың
соңыңа ерген толқынның.