29.09.2022
  175


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Найзағай

Төлеген Айбергеновке



Дүние дөңгеленіп, орман қашып,
Зау биік заңғар-заңғар тауларды асып.
Көктемнің дәл өзіндей жас құшағын,
Бір ақын оралады арманға ашып.
Жыл сайын оралады сол бір өлең,
Жанары көк аспандай мөлдіреген
Жыл сайын оралады сол бір өлең
Ақша бұлт орамалдай желбіреген.
Келеді ол қызғалдақты қырлар болып,
Мәңгілік мұз жататын шыңдар болып.
Тұнады ол Ақ қаздардың-ақ қыздардың
Жауқазын жүрегіне сырлар болып.


Қазақтың әсем әуез әндеріндей,
Алаштың тоқсан толғау өрнегіндей.
Кешегі сал-серінің серуеніндей.
Қайтады ол көктем құсы керуеніндей.
Аруана – бауыр дүние боздауындай,
Қобыздың шымырлатып қозғауындай.
Күй болып құйқылжиды саулап тұрып,
Сағымды сар даланың саздарындай.
Қосады енді бірде әнді-күйге,
Бөлейді сәмбі талды сәнді биге.
Сүйеді бар адамды самал болып,
Енеді Сағыныш боп әрбір үйге.
Ақ жаңбырлар тоздырған асқақ көрік.
Көктем сайын найзағай шашпақ келіп.
Бүгінгі ұрпағының тіліне еніп
Қазақтың әрбір тойын бастап беріп.
Өрлік пен ерлік болып сөз алатын
Ол шапса бар ма арғымақ оза алатын,
Құмдағы мұнараларға жыр боп қонып,
Әлемге паш етеді қазақ атын.
Асыл деп айту керек асылдарды,
Жасын деп айту керек жасындарды,
Каспийдің толқын-толқын таулары боп
Жалғайды оның жыры ғасырларды.
Көктемде рух болып басталатын,
Төлеген Айбергенов – аспан атың.
Сен десе соқыр көзден жас таматын


Ғұмыры қанша қысқа болғанымен,
Тұғыры сонша биік асқақ ақын.
Нұр төкті мейірленіп аспаннан Күн,
Ашылсын кең тынысы жас тарланның.
Мәңгілік тарқамайтын қазағымның
Жыр тойы құтты болсын, басталған күн!





Пікір жазу