29.09.2022
  251


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Бәйтерек

Академик-жазушы Зейнолла Қабдоловқа


 


“Ұшқын” болып ұштың да,
“Жалын” болып лауладың.
Әуелеп бір ұшқанда,
Әуезовтен аумадың.
Тебіренттің Каспийдің
Толқын-толқын тауларын.
Өрімтал жас өскіннің
Жан-жүрегін жауладың.
Ақ самалдай аңқылдап,
Тербеп шабыт орманын.
Найзағайдай жарқылдап,
Ақ жаңбырдай жауғаның.
Күннің алтын нұры боп,
Күміс шыққа аунадың.
Махамбеттің сөзіндей,
Ағыл-тегіл сауладың.
Ұлы Абайдың өзіндей,
Аулақтан ой ауладың.
Мұхтар болып мұңданып,
Сәбит болып сыр бағып,


Ғабит болып шыңдалып,
Ғабиден боп нұрланып.
Қайсар жырдың күймесін,
Қасым болып таныттың.
Өлең сөздің түймесін,
Әбділда боп ағыттың.
Мөлдірлікке құлшынып,
Өстік біз де көктедік,
Зеңгір көкке шаншылып.
«Айналайын!» – деп келіп,
Құштың бізді қаусырып.
Атбегілер сипаған,
«Құлын!» көрсе, кекілден.
«Айналайын!» – деп келіп,
Сүйдің менің бетімнен.
Ардақты аға, сол сөзбен,
Сыйладыңыз бар бақты.
Сол сөзіңіз біздерге
Қанат беріп, самғатты.
Айдынына ойыңның
Аққу менен қаз қонып,
Жүріп келе жатасың.
Үнін естіп қайыңның
Сұлу, сырлы саз болып,
Кіріп келе жатасың.
Өлең сөзбен айшықтап,
Қара сөзбен жырладың.
«Адамның кейбір кездерін».
Зейін қойып тыңдадым,
Зейнағамның сөздерін.


Түн ұзақ та, күн – қысқа,
Басыңды бұлт шалмасын.
Сізге арнаған Шыңғыс та
Күздің «Қызыл алмасын».
Сыбдырласқан өзді-өзі
Жапырағың жетеді.
Сіз кіргенде КазГУ-ім,
Жарық болып кетеді.
Күннің түскен шуағы,
Бәйтерегім, теңселме.
Биік болып тұрады,
Өзіңменен еңсем де.





Пікір жазу