29.09.2022
  96


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Мұзағаңның ауылы

“Балдырғаннан” тілі шыққан бала жүр,
Көл де, орман да, не керектің бәрі әзір.
Маралдының маралдарын көргенде,
Ақын болсаң, тумай көрсін жаңа жыр.
Ауыл шіркін, сенің көркің бір бөлек,
Ал атынды шығаратын ұл керек.
Бір жас жігіт тұрды бізге мақтанып,
Мұзафардай ақын туған мұнда деп.
Орман, тоғай төңірегін қоршаған,
Қарағайлар салып берер ән саған.
Шалдай жақта шалдар шертер шежіре,
Самал соқса самырсындар самсаған.
Қазақ жерін тамсандырып сөзіне,
Талай сері қаратты елді өзіне.
Даланы ойлап, дара тұрған бір дарақ,
Естай болып елестеді көзіме.
Ал қайындар Хорлан болған ән салып,
Томар болып, тоғайлар тұр томсарып.
Бала кезде жүрген шығар Мұзағаң,
Тұздыкөлден Тұщыкөлге жол салып.
Сол Мұзағаң туған ауыл – Қызылтаң,
Көл қасында туған ауыл – Қызылтаң.
Ертіп келіп ақын, жақын достарын
Сауық-сайран құрған ауыл – Қызылтаң.
Оттай болып басылады құм көзге,
Қасиетімен қалар есте су да өзге,


Дертке дауа балшығы да көлдегі
“Жылыбұлақ” деп аталған бір кезде.
...Жанарыңа ұя салып жаңа нұр,
Ауыл барсаң сілкінеді сана бір.
Ақын туған, ақын атын шығарған,
Тым жақын боп кетті маған сол ауыл.





Пікір жазу