meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  29.09.2022
  156


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Қасымның қызыл үйі

Алматыда бір үй бар,
Көріп пе едің жарқыным.
Қасым тұрған сол үйде
Нұр айшықтап әр күнін.
Дәл осында өткізген
Өлең жазып сан түнін.
Әйнегінің көрдің бе
Жасын тұнған жарқылын.
Сөзін сөйлеп халқының,
Отын жағып салтының,
Дәл осы үйден көрді елі
Нар, тәкаппар, мәрт ұлын.
Дәл осы үйде жырлады ол
Аралы мен Балқашын,
Жарық етті шам түнін.
Ембісі мен Ертісін,
Байқалы мен Балтығын.
Дәл осы үйде өр Қасым,
Мінген жырдың жорғасын.
Өкпесінен өткізді,


Жүрегіне жеткізді
Астананың сызы мен
Баспананың салқынын.
Тудырған ол осы үйде,
Найзағайдың жалтылын,
Қыран құстың саңқылын.
Көркем ойдың күмісін,
Асыл сөздің алтынын.
Тудырған ол осы үйде
Өр сезімнің шарпуын,
Қанатының қалқуын,
Жыр нөсерден кейінгі
Жан-дүниенің балқуын.
Қалдырған ол осы үйде
Асау ойдың толқынын.
Жүрегінің соғысын,
Тамырының солқылын.
Дәл осы үйдің ішінде
Ер Қасымның демі бар.
Өрт боп жанып, лаулаған
Өр Қасымның лебі бар.
Ақ қағаздың үстіне
Тарқатылған шері бар.
Қанқұйлы жауға атылған
Халықтың ыза-кегі бар.
Сұп-сұр қүзға айналған,
Сұр шинельді ері бар.
Лықсып таудан құйылған
Адуын жырдың легі бар.
Қара салмай алдына
Шапқан аттың тері бар.
Дәл осы үйдің ішінде


Өлең-жырға айналған
Алты алаштың жері бар,
Алып ұшқан ақынды
Жеті қабат көгі бар.
Хан Тәңірі шыңы бар,
Алтайдың биік өрі бар,
Көкшетаудың көлі бар,
Сарыарқаның белі бар,
Баянауыл дөңі бар,
Қарқаралы дәмі бар.
Еділдің ерке самалы,
Жайықтың жайлы желі бар.
Орал деген қаланың
Пушкин мен Қасымға
Ұя болған төрі бар.
Аманжолдың Қасымы
Алдына алып тербеткен
Бүкіл қазақ елі бар.
Сондықтан да, Қызыл үй,
Қызыл пәтер болсаң да,
Қызыл күннен қалсаң да,
Маған ыстық сезімсің.
Шабыттанып шалқыған
Көкке атылған кезімсің.
Үйсіз жүрген қазақты,
Күйсіз жүрген қазақты
Қайрап тұрған сөзімсің.
Қастерлесін жамағат,
Қасымнан қалған көзімсің.
Баспана күтіп, көз жұмған
Ақынға біткен төзімсің.





Пікір жазу