29.09.2022
  114


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Жамбыл

Бар қазақ сырын төккен бабам Жамбыл,
Даламның жырын төккен данам Жамбыл.
Өлеңнің бір ғасырлық бәйгесінде,
Аты озып бұрын келген дарам Жамбыл.


Басыңа тағзым етіп, барам Жамбыл,
Саф ауа, сәруар сезім санам Жамбыл.
Қаптаған қырларымның қызғалдағын,
Көктемде тербететін самал Жамбыл.
Өткенде Алғадайдай балаң Жамбыл,
Жазылмай жүректегі жараң Жамбыл.
Ленинград жат қолында қалған кезде,
Өлеңі болған жауға қамал Жамбыл.
Домбыраң қолымызға қонар Жамбыл,
Мол мұраң құшағына алар Жамбыл.
Жақындап Алатаудай көрінесің,
Алыстап кеткен сайын араң Жамбыл.
Бұл күнде ауыл Жамбыл, қалам Жамбыл,
Көгімде жұлдыз болып жанар Жамбыл.
«Сұраншы», «Саурықтарды» жырлағанда,


Күркіреп тау суындай ағар Жамбыл.
«Ерназар», «Бекетті» де өрген Жамбыл,
Жыр төксе жауар бұлттай төнген Жамбыл.
Дүниеге қыстың соңғы күні туып,
Көктемді алып бізге келген Жамбыл.
Бұзылмай бізге жетті хатың Жамбыл.
Өшпейді Қазақ барда атың Жамбыл.
Жолбарыс киеңменен желеп-жебеп,
Қолдай бер, ұрпағыңды, ақын Жамбыл!





Пікір жазу