29.09.2022
  157


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Сағынышқа

Абайдың шашу қылып шаш та жырын,
Тойыңды дүркіреген баста, ауылым.
Құлынды болып жатыр бір кездері
Төсіңде ойнақтаған қасқа құлын.
Аспанның айқара ашып жыр-түндігін,
Жайнады, жадырады, құлпырды күн.
Сындырып қыстың мөлдір терезесін,
Сендер де, сексен көлім, сілкін бүгін.
Мұз еріп, шың басында қар бұзылды,
Көктемім, жаз бүгін сен мәңгі жырды.
Сағынтып он екі айда бір келетін
Күтіп ал, Аспан мен Жер, Наурызыңды!
Беу, ғалам, бір перзентің келді өмірге,
Менімен қуан, дүние, сен де бірге.
Кішкентай жүрек жатыр құндақталып,
Тыныстап пәктік жатыр жөргегінде.
Әйнектен аппақ сәби – таң қараған,
Оятты аумай үні дәл баладан.
Кірпігін нұрға малып, көзін ашқан
Көрінді бөбек болып тал да маған.


Жауабы сұрағымның табылмай көп,
Жанымда, жанарымда жалындайды от.
Сәл ғана езу тартып ақты арықтар
Сәбидің шалықтаған шағындай боп.
Қырлардың көкірегін жуады арай,
Құшағы гүлге толып мына маңай.
Бесікте жас бұлақты тербеп тұрған
Қос жаға – бірі әке де, бірі анадай.
Бұлт біткен бұрымдарын өрді ерінбей,
Қайтқан құс күндерімнің керуеніндей.
Жүрегім бүлкілдейді жаңа туған
Тіршілік – нәрестенің еңбегіндей.
Сүйінші бақтан бұлбұл сұрай қалып,
Батасын беріп таулар тұр ойланып.
Бақыттан, қуаныштан жанарымда
Барады сәби дүние шыр айналып.





Пікір жазу