29.09.2022
  567


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Әке туралы жыр

Көзімді аштым көктемде,
Күн нұрын көктен төккенде,
Аспанда бұлтқа айналып,
Сәуір жаңбыры сепкенде,
Ақ қайың қырда ойланып,


Жауқазын шығып көк белге,
Көк терек көңілі жайланып,
Көз салған кезде өткенге.
Сарғалдақ баурап сайды алып,
Қызғалдақ қаулап бөктерге.
Көп көрме, дүние, көп көрме,
Көзімді ашсам көктемде,
Әкежан, сенің арқаң – бұл!
Ойларым көшіп өткеңде,
Тауларға бұлт боп шөккенде,
Қоңыраулатқан жыр төксе,
Омыраулатқан от кеуде.
Ақын боп шықсам арқырап,
Жұлдызым жанса жарқырап,
Оқысам, өлең залдарда,
Оянсам, аққу таңдарда.
Төгілсе жырым тұтанып
Түндегі жанған шамдарға
Әкешім, сенің арқаң – бұл!
Білімнің ішсем, кәусарын,
Ғылымға ауса аңсарым.
Арманның мінсем ұшағын,
Алатау ашса құшағын.
Жолықсам жастық шағыммен,
Гауһармен, маржан, лағылмен,
Алматы алтын бағымен,
Ыстықкөл толқындарымен.
Бішкектің жұтсам самалын,
Тәжіктің жесем анарын,
Татардың тыңдап наз әнін,
Ташкеннің көрсем базарын,


Мәскеудің түнін аралап,
Қаратеңізді жағалап,
Абхаздың татып дәм-тұзын,
Кавказдың көрсем тау-құзын.
Жан әке, сенің арқаң – бұл!
Ізденіс жолын таңдасам,
Дүниені түгел шарласам,
Еуропадан әрі ассам,
Ақша бұлттармен талассам,
Төрт кессем көктен мұхитты,
Шәкірттеріме жол ашсам,
Американың төріне
Абайдың әнін жеткізсем,
Әуезов үнін тыңдатсам,
Қалың бір ойға шым батсам,
Ұстасам берік қолыма,
Білім боп жанған қымбат шам!
Әкетай, сенің арқаң – бұл!
Кітабым шықса баспадан,
Көрінсем телетаспадан.
Ұлағат алып халқымнан,
Сөйлесем радиотолқыннан.
Газетке шықса жырларым,
Журналда тұнса сырларым.
Мың сан ой туса миымнан,
Естілсе даусым қиырдан.
Әкешім, сенің арқаң – бұл!
Өзгеше сазды күй болсам,
Үйленсем, сосын, үй болсам,
Кішкене қызым бой жетсе,


Кішкентай ұлым ер жетсе,
Алдымнан атса таңдар ақ,
Туысқандарым қаумалап,
Қарындастарым сыйласа,
Інілер мені тыңдаса,
Соғымның сақтап етінен,
Анашым сүйсе бетімнен,
Жусанның иісі бұрқырап,
Қауышып жүрсек шұрқырап,
Жан әкем, сенің арқаң – бұл!
Алыстың өртте отпенен,
Жер үшін қинап жаныңды.
Боранды күні атпенен,
Адаспай таптың ауылды.
Аязда қыстау аралап,
Қуанттың талай қауымды.
Аптапта жайлау аралап,
Елемей жауын, дауылды,
Ұйқысыз түндер өткіздің.
Ел үшін төктің теріңді,
Қуанттың сөйтіп еліңді.
Бірге боп ылғи жұртыңмен,
Емдедің жанын күлкіңмен.
Ауылдың тілеп бірлігін,
Қанша үйдің аштың түндігін,
Өз қолыңменен кестің сен,
Қаншама сәби кіндігін.
Арналды бізге, еліңе,
Қанша қыс, жаз, көктем, күз деген
Арманыңызбыз іздеген,
Бақыттымыз біз сізбенен.
Көркейіп ұлмен, қызбенен,


Марқайып немерелеріңізбенен,
Берікқарада жүрдік біз,
Бабалар салған ізбенен.
Аруақтар қолдап жетіңіз,
Ардақты жасқа «Жүз» деген!..





Пікір жазу