
Атыңнан айналайын Абыралым...
Атыңнан айналайын Абыралым,
Киелі топырағыңа табынамын.
Шайлығып жан-жүрегің жарылыстан,
Шайқалды талай-талай шаңырағың.
Сөндірген ошағыңнан отыңды кім?
Қайғысын ішке бүгіп жатыр қырың.
Үні өшіп аждаһаның іргеңдегі,
Жаңғырды жылдар салып атың бүгін.
Сайраған жолдарыңмен сан жыл өттім,
Туған жер, мекенісің ақ жүректің.
Ұрпағын аруағымен қолдап жүрген,
Басына Қажы атамның тағзым еттім.
Тауыңда қанаттанып қаршыға-арман,
Төсіңде талай дарын ән шығарған.
Таңаттың жайлауында тамылжыған,
Әйгілі Әміренің даусы қалған.
Өзіңде сан дүлдүлдің өмірі өткен,
Қалды аман ойың, қырың небір өрттен.
Көсіліп жатқан анау Мыржық тауын,
Күйлері Тәттімбеттің тебіренткен.
Әр күйді жеткізесің әсерлі етіп,
Қырық жыл қырғын болды, есең кетіп.
Төсіңе мөп-мөлдір боп төгіледі,
Жырлары Төлеужанның нөсерлетіп.
Өңіңді нұрға бояп, жарық төккен,
Өлкеңе қарайды Күн шолып көктен.
Келемін ойға батып, тау бөктерлеп,
Жолменен ата-бабам салып кеткен...