Жылқылы ауыл
Болмайық кейін жұртқа күлкі, бауыр,
Мұңайма, кетер ұшып бұл күн ауыр.
Білмеймін неге екенін, соңғы кезде,
Жүр менің түсіме еніп жылқылы ауыл.
...Тау іші. Жасыл жайлау екен деймін,
Ежелден осы жерді мекендеймін.
Көк шалғын, қалың жылқы жүр жайылып,
Адам да көрінбейді бөтен деймін.
Әжем жүр торы атынан түспей мініп,
Ағам жүр құла айғырды күштей мініп,
Мұндағы ел көтереді көңілдерін,
Орыстың жынды суын ішпей жүріп.
Досым жүр көк бестіні жайдақ мініп,
Інім жүр ала тайды сайлап мініп.
Күледі мәз-мейрам боп қара балам,
Желіге жез құлынды байлап тұрып.
Кәрі әжем сауып отыр торы биені,
Ауылда саналады ол – жан киелі.
Бағыштап аруақтарға құран да оқыр,
Түгендеп әулие мен әмбиені.
Анам жүр пісірумен бауырсағын,
Келтірер дастарқаны ауыл сәнін.
Қуырдақ қуырады, ет қайнатып,
Даланың қосып ащы сарымсағын.
Әр күнді көңілді етіп ауылдастар,
Мен келдім, төрт тараптан ағыл, достар.
Сапырып сары қымызды құйып берер,
Кезекпен күбі пісіп қарындастар.
Төрінде киіз үйдің көлеңкеде,
Жайғасқан, жан бар ма екен менен төре.
Таңертең шақырады аршалы сай,
Кешқұрым шақырады өлеңтөбе.
Күн кешпес ешқашан да жұртым ауыр,
Болмайық қонақ барса, күлкі, бауыр.
Жайлауды сағынғаннан болар бәлкім,
Түсіме жиі еніп жүр жылқылы ауыл.