29.09.2022
  118


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Көзімнің алды – көк тоғай...

Бозторғай, әсем жерімнің
төгілдірші әнін,
Мен үшін туған даладан
жоқ басқа жұмақ.
Көзімнің алды – көк тоғай,
көгілдір сағым,
Көгалға сіңіп жататын
көк қасқа бұлақ.
Күміс күлкі мен шат әуен
шашылып алдан,
Күмбірлетеді домбыра
шанағын дала.
Асық дорбасын иыққа
асынып алған
Бір кезгі менен аумайды
ана бір бала.
Мөп-мөлдір суға шөлімді
қандырып тұрып,
Шарайнасына қараймын
шағылып көлдің.
Бала күнімде бар тауды
жаңғырықтырып,
Жартасқа сіңген даусымды
сағынып келдім.
Сағынып келдім көк қияқ,
жусанды қырды,
Балалық шақтың тарқамас
базары қалған.
Ашып бер маған құпия
сыр сандығыңды,
Тауыңа шақыр тосатын
ғажабын алдан.


Көзімнің алды – көк тоғай,
көгілдір сағым,
Көгалға сіңіп жататын
көк қасқа бұлақ.
Бозторғай, әсем жерімнің
төгілдірші әнін,
Мен үшін туған даламнан
жоқ басқа жұмақ.





Пікір жазу