29.09.2022
150
Сағыныштан сазып кетсе жүрегің...
Сағыныштан сазып кетсе жүрегің,
Сағынғаның емес пе?!
Аяулым-ау, алабұртып гүл өңің,
Дәл осы сәт алдың ба сен мені еске.
Шуылынан қаланың да шаршаумен,
Шуағыңды жүрмін қазір аңсап көп.
Саған деген сағынышым, жан сәулем,
Ілінді ме кірпігіңе моншақ боп.
Мен деп ойла, түсіңе
Құс қанатты бір арғымақ енсе егер.
Махаббаттың құдіретті күші де
Бұл өмірде сағынышпен өлшенер.
Сағын мені, сағынамын мен сені,
Осынау бір көкорайлы көктемде,
Ойлы көзбен қарап ал да өткенге,
Сағын мені наурыз жаңбыр төккенде,
Терезеден Ай сәулесін сепкенде.
Көрік беріп көк белге,
Қызғалдақтар оттай жанса бөктерде,
Алатауға ақша бұлттар шөккенде,
Жырым менің құс боп ұшып жеткенде,
Сағын мені...
...Саған деген сағыныштың бөлшегі,
Жүрегімнен түсті үзіліп дәптерге.