29.09.2022
  150


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Қайрау

Санаған бабам итті құт,
Жаз, қаламым жүйткітіп,
Ақ қағаздың үстінде
Аппақ боран ұйтқытып.
Тал болып жырым майысып та,
Оранып тамсын ой шыққа.
Адамның көңіл-әйнегін,
Ақ қырау болып айшықта.
Сал өрнек, зерле, әрлендір,
Құлақтан бойға келген жыр.
Бесіктегі сәбиді,
Әлдиіңмен тербелдір.
Табиғаттан күй ұрлап,
Жаз, қаламым, шиырлап.
Жеті қат көкті қиялым,
Әуеле, шарла, құйындат.
Биікте, өрле, аспанда,
Жаңбыр боп шашу шаш тауға.
Өлеңім, қосыл тамшы боп,
Көзден бір шыққан бастауға.
Өлінің бәрі тірілген,
Асыл сөз төгіл тілімнен.
Жартастар шошып оянсын,
Жаңғыра шыққан үнімнен.
Дөңдерім қалсын пай-пайлап!
Кең жерім қалсын “ойхойлап!”


Демдерін алып құм таулар,
Шөлдерім қалсын айқайлап.
Ұшырып құсын көлдерім,
Қондырып алсын белдерім.
Ойларым иірім-иірім боп,
Өзенге салсын өрнегін.
Күнді елден бұрын көрген шың,
Ақ мамық бұлтты өңгерсін.
Қайыңдарым ырғалып,
Теректерім тербелсін.
Алма ағашы гүл ашсын,
Ақ сезіміме ұлассын.
Еліктерім елеңдеп,
Арқарларым қыр ассын.
Көк пенен жерді байқастап,
Жанарымнан отты жай тастап.
Жүрейін көк жорға өлеңмен,
Әрі де бері ойқастап.
Толқын боп көбік шашпасам,
Жай болып көкті оспасам,
Қазақтың қара сөзімен
Құпиясын жырдың ашпасам.
Жел болып бірде азынасам,
От болып бірде маздасам.
Шашасына шаң жұқпас
Шабытым барда жазбасам,
Несіне тудым ақын боп?!





Пікір жазу